Хабар телеарнасы

Амалов Бәйдеу Ыбышұлы (1912 - 1971 жж.)

Амалов Бәйдеу Ыбышұлы (1912 - 1971 жж.)

Бәйдеу Амалов 1912 жылы Шымкент облысы, Фрунзе ауданы, Аша ауылдық кеңесіне қарасты Шорнақ ауылында туған.
1941 жылдың шілде айында Кеңес әскері қатарына шақырылып, өзінің әскери жорығын 825-атқыштар полкінің құрамында Москва түбінде бастады.
Неміс басқыншыларымен айқаса жүріп, Бәйдеу Ыбышұлы қызмет еткен әскери жасақ Брянск, Харьков, Днепропетровск, Сталинград шайқастарына қатысты. Сталинград қаласы үшін болған кескілескен шайқаста сан рет ерлік көрсетіп, бірнеше дүркін қоршаудан шығып, жауынгерлерді өзінің ерлігімен рухтандыра ілестіріп, шабуылға көтерді. Қала ішінде әр үй, әр көше үшін болған шайқастарда ерлікпен көзге түсті.
Сталинград көшелері үшін болған шайқастардың бірінде жанындағы досы жарақаттанып, екеуі қоршауда қалып қояды. Жаумен айқаса жүріп, өзі ауыр жарақаттанса да, досын қошаудан алып шығып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Осы айқаста оң аяғына тиген снаряд жарықшағынан алған ауыр жарақаттан кейін әскери госпитальге түсіп, 1944 жылдың наурызына дейін емделді.
1944 жылы әскери міндеттен жарақатына байланысты босатылған.
Елге оралып, І топтағы мүгедек болса да, ауыл шаруашылығын көтерді, еңбек етті, үйленіп, отбасылы болды. 5 қыз, 3 ұл тәрбиеледі.

Әскери марапаттары:
1. «За Отвагу» медалі;
2. «Ұлы Отан соғысы 1941-1945» медалі;
3. «За боевые заслуги» медалі.

Авторы: ұлы Амалов Серік Бәйдеуұлы