Хабар телеарнасы

Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберілді

Қазақстан тарапы жер сілкінісінен зардап шеккен Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді. Үш мегаполистен бір тәулік ішінде 1200 адамға жетерлік дәрі-дәрмектер мен шатырлар жиналды. Алғашқы жүк партиясы, Ұлттық гвардияның ұшағына тиеліп, Герат қаласына жіберілді. Сонымен қатар үйінділер астында қалған адамдарды құтқару үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мен кинолог мамандары жолға шықты. Үкіметтік комиссия отырысында теміржол арқылы азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажетті заттар жөнелту туралы шешім қабылданған. 

Серік Нұржан, халықаралық Агенттіктің бас менеджері:
-Жүктің салмағы шамамен 16 тонна. Онда негізінен шатырлар мен дәрі-дәрмектер бар. Яғни отандық фарм компанияның антипиретикалық сұйықтықтары мен қабынуға қарсы препараттар және антибиотиктер тиелді. Сондай-ақ теміржол арқылы да гуманитарлық көмек жіберіледі. Қазір азық-түлік өнімдері жиналып жатыр.