Хабар телеарнасы

125 жылдық мерейтой: Қаныш қазынасы

Қаныш Сәтбаев еліміздің жерасты байлығын барлап, оны ел игілігіне айналдырған ғалымның геологиядан бөлек, металлургия, ауыл шаруашылығы, білім саласына қосқан үлесі өлшеусіз.

Қаныш Имантайұлының орасан ғылыми еңбегінің биік шыңы ол - Орталық Қазақстанның металлогендік болжам картасын жасауы. Кен орындарын алақандағыдай көрсеткен карта геологтар үшін дайын бағдар болды. Алайда, сол кезде академик қазақ жеріндегі бес бірдей кен орнын «жетілмеген» деген желеумен картаға қосқызбайды.

Маржан Нұрпейісова, техника ғылымдарының докторы, академик:

- Жолдастары араласып тұратын Мұқтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, міне солармен бірге Сауранбаев деген сол кездегі қазақтың зиялылары. Отырғанда айтады бес кен орнын тығып қойдым, әдейі, анаған қосқам жоқ, өйткені оны кейінгі ұрпаққа қалдырдым деген.

Бұл жәй тастардың музейі емес, Қазақстан жерінен табылған тау жыныстары, кендер, минералдар мен палеонтологиялық қалдықтардың үлгілері. Ағылшын, орыс ғалымдарының Орталық Қазақстанның кен қоры мардымсыз деген пікірін жоққа шығарған Сәтбаев, қазба байлықтарды ел игілігіне жұмсауға жол ашты.

Мыс, қорғасын, молибден, вольфрам сияқты соғыс жұмысына өте керек металдарды көп шығаруға керек. Қазақстан жерінде мұндай металдардың кені өте көп.

Қаныш Сәтбаев 1961 жылы Ғылым Академиясының кезекті сессиясында кен байлықтарымызды ысырапсыз, кешенді түрде өңдеу туралы бастама көтереді. Пайдалы компонеттерді алып, қалған бос тау жыныстарын құрылыс материалдарына қолдану қажеттігін айтады. Өкінішке қарай, ғалым 1964 жылы қайтыс болып, бұл бастамасы аяқсыз қалады.

Әділхан Байбатша, Қ.Сәтбаев университетінің профессоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы:

- Мәселен қазір уран өндіріп жатырмыз. Әлемде біз уран өндірісі бойынша бірінші орын аламыз. Осы туралы 30-шы жылдары Сәтбаев айтып кеткен.

Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасынан бөлек Қазақ тілінде «Алгебра»  оқулығын жазып, Ұлытау өңіріндегі тарихи, мәдени және археологиялық ескерткіштерді зерттеуге көңіл бөлді. Ғалымның көп саласындағы жетістіктері үшін 1979 жылы аспан әлеміндегі бір кіші ғаламшар Сәтбаевтың атымен аталды.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Шын аты Ғабдол-Ғани болған. Анасы еркелетіп, Қаныш деп атап кеткен. Ол жазушы Мұхтар Әуезовпен жақын дос болған. Музыканы жақсы көріп, домбырамен ән салған.

 

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов, Валентин Лобанов