Хабар телеарнасы

Ғылым туралы заң жобасы талқыланды

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясына Жоғары ғылыми ұйым дәрежесі беріледі. Нақты мәртебесі «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заңда қарастырылған. Бүгін Алматыда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында депутаттар мен университет ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары заңдағы өзгерістерді талқылады. «Құжатта бұған дейінгі олқылықтар ескерілді», — дейді жұмыс тобының мүшелері. Енді ғылыми дәрежемен қатар ғылыми атақ үшін де төлем беріледі. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер деңгейінде ғылыми-техникалық кеңестер құрылып, жергілікті бюджеттен ғылыми жобаларға қаражат бөлінеді. Тағы шығармашылық демалыс алған ғалымдарға бір жыл орташа айлық жалақы төлеу қаралған. Ғылыми қауымдастықтың заң жобасына қатысты ұсыныстар алдағы сәрсенбіде Мәжілісте қаралады.