Хабар телеарнасы

Елімізде инфляция төмендеді

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция деңгейі 10,8% болып тұр. Дегенмен бұл азық-түлік және басқа да өнімдер мен қызметтердің арзандауына әсер ете алмай отыр.

Мәселен, өткен айда жұмыртқа, нан, жарма, қант, жаңа піскен жемістер мен ет бағасы 0,5% қымбаттаған. Сондай-ақ баспананы жалға беру, қоғамдық тамақтану және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің бағасы өскен. Ал былтыр инфляция 20% асып кеткен еді. «Алайда экономикамыз жыл басынан бері 4,9% көтерілді», - дейді Үкіметтегілер. Көш басында құрылыс пен сауда-саттық саласы тұр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4% өсіп, 102 млрд долларды құрады. Экспорт 57 млрд астам долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 18 млрд долларға жетті. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2% өсті. Көрсеткіштің өсуі 12 өңірде тіркелді.