Хабар телеарнасы

Трансферттік баға белгілеуді бақылау тетіктерін жетілдіру көзделуде

Мемлекет басшысы жуырда трансферттік баға белгілеу заңына қол қойды. Аталған құжат қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін бірнеше өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл негізінен халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелерде мемлекеттік кірістердің жоғалуын болдырмауға бағытталған. Атап айтқанда заң салынатын кірісті ұлғайтуға мүмкіндік беретін тетіктер арқылы экспорттық бағаны төмендетуге жол бермейді.

Трансферттік баға белгілеу. Қарапайым тілге салсақ, бұл – халықаралық іскерлік операциялар, яғни сауда-саттықта бағаның қасақана өзгертілуіне тосқауыл. Яғни нарықтық бағадан төмен сату.

Нұрбек Абдулхақов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті трансферттік баға бақылау басқармасының бас сарапшысы:
- Өйткені өзінің арғы жақта бейрезидент делдалы болуы мүмкін. Ол салықты аз төлегісі келеді Қазақстанда, ал оның делдалы салық жоқ юрисдикцияларда болуы мүмкін елдерде. Затты бізден арзан бағамен сатып алады. Одан кейін басқа Еуропаға әділ, осы нарықтық бағамен сатады. Оның айырмашылығы сол бейтаныс аралдарда қалады. 

Берік Дүйсенбай, тілші :
- Қазақстанның жер қойнауын пайдаланушы, айталық қымбат метал өндіруші тауарын сыртқа шығарады. Бұл жерде ол әуелі делдалға сатады. Делдал
корпоративті табыс салығы салынбайтын елдің өкілі. Және оған Қазақстанның заңы жүрмейді.  Сосын ол үстіне баға қосып, бұл өнімді үшінші бір елге сатады.Айталық, Германияға. Үстінен 15%, 50%, тіпті 100% қосты делік. Сол үстемеге 20% салық салынған жоқ. Бұл миллиондаған доллар, оны біздің өнім сатушы мен делдал екеуі бөлісіп алады. Бұл қылмыс емес, бұл қуаяқтық. Міне, осы миллиондарды мемлекеттің қазынасына түсіру керек.

Бұған дейін трансферттік баға тауар биржаларында саудаланатын өнімдерге белгіленген жоқ. Жаңа өзгеріске сәйкес енді тауар биржасына бақылау жүргізіледі. Себебі бақылау болмаған кезде екі тарап өзара келісіммен өнімді арзан бағаға сатқан жайттар жетіп артылады. 

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Газ бойынша дәнді дақылдар бойынша төмен бағаға сату фактілері табылды. Бұл мысалы, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға 10%-дан  25% дейін баға төмен сатылып отыр. Егер тауар биржасында тура сатылса, онда тауарлардың бағасы 25% қымбат, одан біз бүгінгі таңда толыққанды салық өндіріп жатырмыз.

Заңның солқылдақ тұстарын айналып өту де заңдылық. Мәселен, еліміздегі аса ірі салық төлеуші саналып келген атышулы «Арселор» да реті келсе салықтан жалтаруға тырысқан. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 3 жыл бұрын Ақжол фракциясы кезіндегі Арселор Миттал компаниясының әрекетіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Біз анықтағандай, олар Дубайға металлургиялық өнімдерді төмендетілген бағамен сатқан. Яғни салықты азайтқан. Ары қарай нарықтық бағамен сатып, пайдаға кенелген. Бір қызығы делдал рөліндегі компания да Арселорға тиесілі болған. Олар бізге негізсіз айып тағып отырсыңдар, сөздеріңді қайтып алыңдар деп талап қойды. Ал металлургиялық өнімдер ол біздің шикізат, біздің жердің байлығы ғой. Олардың схемасы әшкереленіп, қателеспесем, 30 млн доллар айыппұл салынды. 

Трансферттік баға белгілеу заңы бұрыннан бар. Бұл жолы дамыған елдер тәжірбиесінде бар жаңа тетіктер енгізілгелі отыр. 

Соңғы бірнеше жылда Қаржы министрлігі еліміздегі жер қойнауын пайдаланушылар, металлургиялық кәсіпорындар, тауар экспортымен айналысатын барлық заңды тұлғалармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Енді қосымша салық түсетініне сенімді.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі: 
– Барлық процестерді автоматтандыратын боламыз,  барлық дереккөздер бізге автоматты түрде түсіп отырады. Мынау барлық кеден декларацияларын көріп отырамыз және де салық төлеушілер, жер қойнауын алып сататындар, олардың барлығы мониторингте тұр бізде. Қосымша бюджетке салықтар түседі. 

Айта кету керек, былтыр 400-500 млрд теңгеге жасалған мәмілелер тексеріліп жатқанын министрлік өкілдері мәлімдеген. Соның нәтижесінде бюджетке қосымша 70 млрд теңге түсім түсіпті. Заң талаптары 6 айдан соң күшіне енеді. Демек келетін қосымша кіріс 70 млрдтан көп болуға тиіс.

Берік Дүйсенбай, Аян Сәрсенбаев, Бауыржан Ебелеков