Хабар телеарнасы

Шымкентте ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Бұл күні бірқатар сала мамандары марапаттан тыс қалмады. Іс-шара Тәуелсіздік жолындағы бабалардың күресін бүгінгі жарқын күнмен ұштастырған «Ұлы дала аманаты» атты театрландырылған көрініспен жалғасты.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы бүкіл әлем мойындаған жаһандық бітімгерлік бастамаларының авторы. Басқаны былай қойғанда, Оңтүстіктің қақпасы іспеттес Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беріп, елімізде миллионнан астам тұрғыны бар жаңа мегаполистің пайда болуына жол ашты. Елбасының осы шешімінің нәтижесінде екі жылдың ішінде шаһардың шырайы кіріп, шынайы өркендеуге бет алды.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Қазақ мемлекеті өз тарихындағы жаңа дәуірге қадам басты. Тәуелсіздігін жариялап, дербес ел болды. Міне, содан бері еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қысқа мерзімде бір ғасырға бергісіз жолды жүріп өтіп, әлемде өзіндік орны бар іргелі елге айналдық.

Салтанатты жиын сала үздіктерін марапаттаумен жалғасты. Бірқатарына Алғыс хат табысталды. Еңбегі еленгендер медаль тақты. Солардың қатарында медицина қызметкері Шолпан Оспанова да бар.

Шолпан Оспанова, қалалық Жедел жәрдем көрсету стансасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазақстан халқын осы келе жатқан мерекемен құттықтағым келеді. Барлықтарыңызға денсаулық тілеймін. Ал өзім марапатқа өте қуаныштымын.

Мерекелік іс-шарада Тәуелсіздік жолындағы бабалардың күресін бүгінгі жарқын күнмен жалғаған «Ұлы дала аманаты» атты театрландырылған көрініс қойылды. Сондай-ақ сахна төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармашылығымен ұштасқан авторлық әндері шырқалды.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов