Хабар телеарнасы

Петропавлда көне көліктерді жинап, қалпына келтіретін коллекционер тұрады

Қазір Игорь Туевтің меншігінде кеңестік кезеңнің осындай төрт темір тұлпары бар. Бәрі де жүріп тұр.

Бұл – 59-шы жылғы сирек «Москвич». Кеңестік кезеңде оның 7,5 мыңы ғана шығарылған. Сол қалпы. Бірде-бір рет жөнделмеген. Жүріп тұр. Игорь Туев оны бір қариядан сатып алған.

Ал бұл – 63-ші жылғы «Москвич». Шебер оны металл тапсыратын орыннан алып қалған. Енді көне көлікті қайта қалпына келтіруге барын салып жүр.

Игорь Туев, коллекционер – реставратор:

- Түп нұсқасын 100% шығара алмаймын. Көптеген қосалқы бөлшегін табу мүмкін емес. Әрі қымбат. Бірақ барынша тырысып көремін.

401-ші Москвич. Екінші дүниежізілік соғыстан кейін құрастырылған көлік. Сирек кездесетін раритет Игорьдің қолына он жыл бұрын тиіп, қазір жалтырап, жайнап тұр.

Игорь Туев, коллекционер – реставратор:

- Мен мұнымен Жеңіс күні ғана жүремін. Қаланы бір шарлап шығып, мәңгілік алау маңына барып тұрамын. Адамдар қызықтап суретке түседі.

Игорь үшін ең қымбат әрі ең ыстық – мына көлік. Бұл – оның ең алғашқы жұмысы. Көліктің сырты «Моквич» болғанмен іші «Мерседес». Оны құрастырып, жинауға он жыл кеткен.

Игорь Туев, коллекционер – реставратор:

- Бұл көлікті 2007 жылы бастап, 2017 жылы аяқтадым. Әлі толық біткен жоқ. Арасында қолымды бір сермеп «енді істемеймін» дедім. Бірақ қайта келіп, қайта кірістім.

Игорь мамандығы бойынша дәнекерлеуші. Оның коллекциясы шағын болғанымен өте құнды. Шебер әлі талай көне көлікті қалпына келтіріп, көпшілік назарына ұсынбақ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев