Хабар телеарнасы

Емханаларда салалық мамандар жетіспей жатыр

Сондықтан емханаларда салалық мамандар жетіспей жатыр. Соның салдарынан дәрігерге жазылу, жоспарлы операциялар жасау мен науқастарды қарауда қиындықтар туындап отырғаны мәлім.

Пандемияға дейін де дәрігерлер тапшы екенін басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі білетін. «Бірақ қазіргі мәселе тіптен өткір», - дейді қала тұрғындары.

Иә, түсініспеушіліктер шаш етектен. 12 сағат бойы тынбай еңбек ететін медицина қызметкерлері де мұны мойындайды.

Гүлжанат Рашитова, емхана тіркеушісі:

- Бір адамға кемінде 10-12 минут уақытымызды арнаймыз. Оның үстіне үйге шақырту, патронаж қабылдаймыз. Кезекте адамдар тұрады. Ол кісілерді де дәрігердің қабылдауына жазу керек. Жасыратыны жоқ, кей кезде үлгермей қалып жатқанымыз.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметіне сүйенсек, маусым айында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін 30 мыңға жуық бос жұмыс орны тіркелген. Ал базадағы түйіндемелер саны небәрі 561. Яғни мамандарға деген сұраныс қанағаттандырылмай отыр.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қ. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта елордада балаларды қарайтын салалық мамандар жетіспейді. Өздеріңіз білетіндей, елордадағы педиатрлық факультет біраз уақыт жұмыс істеген жоқ. Соған байланысты педиатрлар тапшы.

Басқарма басшысының сөзінше, денсаулық сақтау жүйесіне жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер жетіспейді. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жасыруға болмайтын мәселенің бірі осы. Медицина саласындағы түйіні тарқатылмаған түйіткілді шешу жас мамандардың қолында.

Авторлары: Дана Алиева, Жарқын Мырзахан, Айбын Құсанбеков