Хабар телеарнасы

Атырау облысындағы Қарабау орта мектебі құлағалы тұр

Ал жаңа білім ошағының құрылысы 4 жыл бұрын басталуы тиіс еді. Бірақ оқушылар әлі күнге дейін апатты жағдайдағы ғимаратта білім алып жатыр.

120 балаға арналған шағын ғимаратта сапалы білім алуға мүмкіндік жоқ. Күз-көктемде шатырынан су тамшылайды. Сыз тартқан қабырғалары үгтіліп түсіп жатыр. Орын жетпегендіктен бастауыш сыныптар апатты мектепте оқуын жалғастыруда.

Ізтілеу Алпамыс, мектеп оқушысы:

 - Мәжіліс залы, спортзал, ойнайтын алаң жоқ. Біз далада шынығамыз. Ал қыста дене шынықтыру пәні болмайды. Жаңа бастауыш мектеп салынғанын қалаймын.

Қосымша ғимарат 1986 жылы пайдалануға беріліпті. Содан бері қаншама жөнделесе де о баста сапасыз салынған мектептің жыры бітер емес. Ұстаздар балаларымыз бір күні үйіндінің астында қалып қоя ма деп алаңдайды.

Әлібек Ишақов, бастауыш мектептің меңгерушісі:

 - Құрылыс материалдарының аздығынан болуы керек. Сол кезде салынғанда кемшіліктер кеткен. Қазір соның зардабын тартып отырмыз. Жаңбыр жауса болды, төбеден тамшы ағады. Төбеге салған тастамалар майысып, иіліп тұр. Қабырғалардың барлығы жарылып, құлағалы тұр.

Қарабау орта мектебінің жағдайы жергілікті билікке жақсы таныс. Бірақ түрлі бюрократиялық кедергілердің кесірінен жаңа ғимараттың құрылысы әлі күнге басталар емес.

Зейнолла Шәліков, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі:

 -Бастауыш мектеп ғимараты 2018 жылы салынуға жоспарланған болатын. Қазіргі таңда сараптамадан өтіп, осы қазан айында сараптама аяқталғаннан кейін 2022-2023 жылдарға қарай салынады деп жоспарланған. Сомасы 698 млн теңгені құрап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов