Хабар телеарнасы

ІІМ: банк бөлімшесін басып алу фактісі бойынша тергеу басталды

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан кейін елорда банктерінің бірінде болған операцияға қатысты пікір білдірді. Қазір қылмыстық кодекстің 261-бабы - адамды кепілге алу бабы бойынша тергеу басталған. Министрдің өзі күдіктімен келіссөз жүргізгенін растады. Айтуынша алдын ала телефонмен сөйлесіп, сосын ішке кіріп, кепілдікке алған азаматшаны босатуын сұраған. Бірақ көнбеген соң арнайы жасақ жұмысын бастаған. Сондай-ақ министр оқиға кезінде ақпараттың ресми ақпарат көздерінен емес, телеграм арналардан тарауына байланысты да тиісті тексерулер жүргізіліп, нақты шаралар қабылданатынын айтты. 

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі: 
- Арнайы операция жүргізілгендіктен ол жерде ішкі істер органдарының ғана қызметшілері болған жоқ. Оқиға орнында осындай жағдайларда жұмыс істеу алгоритмі бойынша барлық қызметтер қатысты. Егер қандай да бір ақпарат жасырын тарап кеткен болса, тиісті тексерулер жүргізіледі. Ал басқа мән-жайды айта алмаймын. Өйткені қазір тергеу жүріп жатыр.