Хабар телеарнасы

Қызылордада жаңа ұңғымалар іске қосылады

Қызылорда қаласындағы ауызсу қысымын тұрақтандыру үшін 6 су айдау стансасы жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 620 млн теңге қаржы жұмсалды. Келесі жылы тағы осындай 6 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, қаланың бас су айдау стансасының да құрылғыларын жаңалау үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленбек. Өйткені жыл өткен сайын ауызсуға деген сұраныс артып келеді. Мәселен, қала халқы қыс айларында тәулігіне 35 мың текше метр тіршілік нәрін тұтынса, жаздың күндері бұл көрсеткіш 100 мың текше метрге дейін жетіп отыр.

Сонымен қатар Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтерген жаңа ықшам аудандарындағы ауызсу мәселесін шешу үшін жаңа су көздері зерттеліп жатыр. 

Ерлан Жоламанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 
- Тораңғылсай кеніші бар. Ол жердегі су қорын зерттеттік. 47 мың текше метр тәулігіне су алуға болады екен. Қазір қалалық әкімдік былтырдан бастап соған жоба жасап жатыр. Биыл аяқталады. Сол жоба аяқталғаннан кейін біз осы сол жағалауға Тораңғылсайдың суын алып келеміз деген жоспарымыз бар.