Хабар телеарнасы

Елорда күні. Астаналықтардың арманы мен мәселесі

Қалалар да адамдар секілді. Өз тағдыры, өз тарихы бар. Елордамыздың атауы бірнеше рет өзгерді. Бастысы Ұлы даладағы, ұлы қала төріндегі Ақордамыздың төбесіндегі Тәуелсіздіктің көк Туы мәңгілік желбіреп тұрсын.

Астана бас қала болғалы бір буын алмасты. Бұл жас буын алдында Әділетті Қазақ елін құру міндеті тұр. Қазақ Елордасына қарап бой түзейтін халық. Уақыт озған сайын астанамыз да замана талабына сай өзгеріп өркендеуі керек.

Жалпы әлемдік тәжірибеде ауылдан қалаға ауа көшкендердің бәрінің орталықта тұруға жағдайы жоқ, көпшілігі шеткі аудандарда қоныс тебеді. Рио де-Жанейродағы фавелла, Нью-Йорктегі геттолармен салыстыруға келмесе де, біздің бас қалада да сүрілмеген сүреңсіз лашықтар бар. Ол орталықтан алыс та емес, әлемдегі ең үлкен шатыр деп біз мақтанатын Хан Шатырдың іргесінде ғана.

Гуля, Астана қаласының тұрғыны:

- Тұрып жатырмыз, амал жоқ. Су жоқ, свет жоқ. Суды хан шатырдың подвалынан аламыз. Мынау әдемі үйдерде тұрғым келеді. Бірақ бізде үй алуға мүмкіндік жоқ. Күйеуім күзетші, мен аспазбын. Тамақты газ балонмен істейміз, телефонды жұмысқа барып зарядтаймыз. Сүрілетін болса, білмеймін, көшетін шығармыз басқа жерге.

Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти секілді әлемге әйгілі архитекторлар ат салысқан Астананың көркемдігіне күмән жоқ. Бірақ сол әсемдік сол жағалаумен жалғасып кетпейтіні бас қаланың тұрғындарын толғандырады.

Ақордадан алысқа шықпайтындай көрінсе де Президент бәрін біліп отыр. Қала күнінің қарсаңында өткен форумда айтты да. Астананың шетіндегі аудандардың да әрін кіргізетін уақыт келді. Мұндай диспрапорцияны жою керек деді Президент. Осылайша әділетті қоғам құруды ең болмаса бас қаладан бастау керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді.

25 жылда Астананың аумағы 3 есе ұлғайды. Халық саны 4 есе өсті. Сарапшылар тек 2030 жылға қарай 2 млнға жетеді деп болжаған. Бұл көрсеткішті елорда жақын арада еңсеріп те қалатын түрі бар. Елдің ішкі жалпы өнімнің 10 пайыздан астамы Астана экономикасының үлесінде. Көрсеткішке қарасақ, мінсіз мегаполис секілді. Жыл сайын жайлы өмір іздеп, Астанаға 100 мыңдап халық көшіп келеді, бірақ жақында астаналықтар апталап ауыз сусыз қалғанда ретсіз урбанизацияның салдарын көрдік дейді сарапшылар. Су демекші, биыл жазда Астананың №1 проблемасы болған – су мәселесін 7 күнге арнайы сұхбат берген әкім Жеңіс Қасымбектен сұрап білдік.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

- Өткен айдың 9 күні Астана су арнасынан келетін жаңа су құбырының құрылыс жұмыстары толығымен бітті. Қазір бұл мәселе толығымен шешілді. Өткен айдың соңында НФС-3 дейміз, ол нысанның да 1-этап құрылысы бітті. Ол қосымша қалаға күніне 35 мың кубометр су береді. Келе жатқан жылға проблеманы толығымен шешті. Тамыз айының соңына дейін ол НФС-тің 2-этапта құрылысы бітеді. Сонымен келе жатқан 3-4 жылдың мәселесі толығымен шешіліп жатыр. Президент қолдаған екі жоба бар, ол Нұра су арнасынан жаңа құбырды тарту, ол күніне қосымша 50 мың кубометр су береді. Оны біз қазір жобалап жатырмыз.

«Астана резеңке емес» дегендер де болған, бірақ ішкі миграцияны қолдан тежеп қою мүмкін емес. Елдегі урбанизация деңгейі 61,5 пайызға жетті. Мегаполистердегі жұртшылық саны бақылаусыз өсіп жатыр дейді мамандар. 

1997 жылы Ақмоладағы тұрғын саны 300 мың болса, қала «астана» мәртебесіне ие болған 20 жыл ішінде, 2017 жылы миллионнан астам тұрғыны бар мегаполиске айналды. Қазір мұнда 1 миллион 376 528 халық тұрады. Астанаға үдере көшкендердің бір себебі әрине – жұмыс. Халық көп, жұмыс та көп. Мәселен, елордада саудагер, шаштараз, құрылысшы, такси жүргізушілеріне сұраныс көп. Бір сөзбен айтқанда, ақша табам дегендер Астанада аш қалмайды.

Балықбай Бекежанов, Астана қаласының тұрғыны:

- Астанада жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар, қандай жұмыс болса да арланып керегі жоқ, екі қолға бір күрек дейді ғой. Арасында, қол бос кезде, өзіміздің машиналарымызбен такси істейміз. Астананың көбісі солай такси істейді, жан-жақтан келгендер ғой.

Урбанизация зиян емес, қайта қала халқы өскен сайын экономикасы түрленеді. Бірақ жоспарлы, әрі тиімді дамуы керек. Астаналықтар үшін №2 проблема – қоғамдық көлік. Таңсәрі мен кешқұрым автобуста иін-тірескен халық, жол жүру жайсыз, автобус аз. Жеңіс Қасымбектен құрылысы аяқталмаған ЛРТ жайын да сұрадық.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

- Осы жылдың соңына дейін кем дегенде 400 жаңа автобус келеді. Мысалы бүгін 90 автобус қалаға келіп тұр. Ол келесі аптадан бастап жаңа маршруттарға шығады. Одан бөлек, ескі маршруттарға да жаңа автобустар қосылайын деп жатыр. Сондықтан бұл мәселе осы жылдың соңына дейін толық шешіледі. ЛРТ-ның құқрылысы жалғасып жатыр, келе жатқан екі жылдың ішінде 1-этабын бітіреміз.

Әкім жыл соңына дейін 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынатынын айтады. Халық саны өсе берсе, баспана керек. Бірақ, бар гәп осында. Астананың № 3 проблемасы – бейберекет құрылыс. Қазақстан құрылыс ісінде ескі нормалардан арылуы керек, кез келген жерге қазық қаға беріп, бас қаланы қолайсыз шаһарға айналдырып алдық па деп сескенеді сәулетшілер.

Нұрлан Хамитов, сәулетші:

- Құрылыс нормалары кеңестік замандікі, Қазақстанның әр қаласы үшін басқа норма болуы тиіс, себебі климаты, табиғи ерекшеліктері ескерілуі керек. Қазір Астананың сол жағалауы толық салынып бітті деп айта алмаймын, саябақтардың өзін көз тоймайтын әдемі ету үшін шетелдік тәжірибені алып, мықты жобаларды қолға алу керек.

Елордада құрылыс бір сәтке де толастаған емес. Дер кезінде, тиянақты тапсырылмайтындары да көп. Қала әкімі жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған 30 кешен тапсырылатынын айтады. Астана күні қарсаңында 330 үлескер үйлі болды. Солардың бірі – кілтін тоғыз жыл тағатсыздана күткен Тоқтан Қонысбаев енді қоныс тойын тойлайды.

Тоқтан Қонысбаев, үлескер:

- Әркім әр түрлі. Біреулер пәтер жалдап тұрды, біреулер кредит алды, соның бәрі шығын ғой. Кейбір адамдар пәтерін күтіп жүріп дүниеден өтіп кетті. 9 жыл бойы прокуратураның есіктерін тоздырдық ай сайын соттасып.

Биыл Астанаға 25 жыл. Бейсенбіде басталған бас қаланың туған күнін әлі тойлап жатырмыз.

Бәлкім қаланың мерекелік той-думаннан маңыздырақ қала қажеттіліктері үшін үнемделген болуы керек, жігіттік жасқа толған Елорданың туған күнінде отшашу болмайды. Бірақ ұйымдастырылған жүздеген мәдени шараның барлығы тегін өткізіліп, халық көңілі көтеріліп бір марқайып қалды.

Бұл күні әлеуметтік желі елорда туралы жылы естелікке толды. Бас қаланың тұрғындары әр жылдары бір сөмкемен қоса Астанаға асқақ арманын да арқалай келгендерін айтып ағынан жарылды. Ия, бәлкім суық, бірақ сондай жылы деп жалғасатын жазбалардан соң шынымен Астана кішкентай адамдардың, үлкен армандары орындалатын ордаға айналғанына иланасың. Ия, Астанада армансыз жүруге болмайды, тіпті оның кішкентай тұрғындарының да жұдырықтай жүрек түкпірінде тынып жатқан тілегі бар...

Бексұлтан Нұрқасым, Астана қаласының тұрғыны:

- Өскенде осы жақын маңдағы үйлерге көшетін шығармыз деп ойлаймын, өзімізде план бар қаланың ортасынан үй алу деген. Өскенде өзім жұмыс істеп қаланың ортасынан үй аламын.

Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин, «7 күн».