Хабар телеарнасы

Қызылордадағы мектеп құрылысы қашан аяқталады?

Қызылорда қаласындағы 600 орындық мектептің құрылысы 4 жылдан бері аяқталған жоқ. Іргетасы қаланған сәтте мердігер: «18 айда пайдалануға береміз», - деп уәде еткен. Алайда мемлекеттен бөлінген 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы жетпей, нысан құрылысы бірнеше рет тоқтап, қайта жанданды. Ал осыдан 7 жыл бұрын ашылған Бәйтерек ықшам ауданының тұрғындары болса, жаңа оқу ошағының салынуын сарыла күтіп жүр.

Бәйтерек ықшам ауданындағы мектептің іргетасы 2020 жылдың тамыз айында қаланған. Содан бері құрылысы бірнеше рет тоқтап, қайта жанданды. «Әр жаңа оқу жылында ашамыз деп уәде берген шенділердің құр сөзіне сенуден қалдық», - дейді тұрғындар. Биыл да баламыздың құжаттарын бұл мектепке қабылдаған жоқ. «Білім күні жақындап қалды. Тағы да алыстағы мектептерге сенделеміз бе», - деп алаңдайды ата-аналар.

Айсұлу Алтыбасова, қала тұрғыны:

-Қыстың күні қатынау өте қиын. Кеш батып кетеді. Тас қараңғы. Жабайы иттер, шағал жүреді. Сол себепті мектептің құрылысын тезірек аяқтап, осы балаларымыз мектепке қатынап, аналар балалары үшін алаңдамай отырса деген ниетпен сіздерді шақыртқан болатынбыз. 

«600 орындық білім ұясының 90 пайыздан астам құрылысы аяқталды», - дейді мердігер мекеменің өкілі. Ішкі әрлеу және жиһаздарын орнату жұмыстары жүріп жатыр екен. Мектеп ауласын абаттандыруға да кіріскен. 

Данияр Бақтияр, мердігер компания өкілі:

-Сентябрьде тапсырсақ па деген ойымыз бар. Енді одан кешігіп қалуымыз, одан ерте тапсырып қалуымыз мүмкін. Нақты қай кезде бітетінін әзір білмедім. Бірақ бітіруге барынша күш салып жатырмыз. 

Білім алу үшін бірнеше қоғамдық көлікке мініп, қаланың әр бұрышындағы мектепке қатынап оқитын бәйтеректік балалар бұл білім ошағын 7 жылдан бері күтіп келеді. Ал мамандар нысан құрылысын білім күнінен бір күн бұрын аяқтауға уәде беріп отыр.  

Қуаныш Өтегенов, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары: 

-2021 жылы бюджеттік сыныптамаға өзгеріс енгізілуіне байланысты, тапсырыс берушінің ауысуына байланысты 9 ай мектеп құрылыс жұмыстары жүрмей қалған. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап құрылыс жалғасқан. Биыл 55 млн. 500 мың теңге аяқтауға қаржысы бөлініп, 2023 жылдың тамыз айының 31 дейін құрылыс толық аяқталатын болады.  

Айта кетейік, қазір Қызылорда облысында 10 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 8-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев