Хабар телеарнасы

Қостанай облысында толассыз жауған жаңбырдан жиын-терін тоқтап тұр

Қостанай облысындағы диқандар 2 апта толассыз жауған жаңбырдың салдарынан жиын-терін науқанын толық бастай алмай отыр.

Бүгінде 4 млн 400 мың гектар жерге егілген астықтың тек 24% ғана жиналған. Техникалар сақадай сай болғанымен, алқапқа кіре алмайды. Өйткені комбайндар батпаққа батып, шаруалар әбігерге түскен. Бұған қоса дәннің ылғалдылығы да нормадан асып тұр. Жергілікті билік астықты кептіру үшін астық кептіру кешендеріне де жеңілдетілген дизель отынын бөлуді жоспарлап отыр.

Кенжеқозы Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:Ъ
- Жаңбырдың салдарынан астықтың ылғалдылығы артып барады. Оны қажетті деңгейде кептіргеннен кейін де тек бір бөлігі жарамды болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның құрамындағы құнары кетеді. 4-5 сорттағы астық боп қалады.