Хабар телеарнасы

Еңбек нарығы түрленіп келеді

Қазақстанда 9 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Олардың 7 миллионға жуығы жалдамалы қызметкер болса, қалғаны өзін-өзі еңбекпен қамтыған. Кәсіптер тізімі дәстүрлі мамандықтардан бөлек, жыл сайын жаңа машықтармен де толығып келеді. Мәселен, ел экономикасының сан саласында 200-ге жуық мамандық жаңадан пайда болса, 100-ге тарта кәсіп трансформацияға ұшыраған. Одан бөлек, алдағы 5-6 жылдың ішінде, барлық мамандықтың 90% жуығында заман талабына сай біліктілік талаптары өзгеруі мүмкін. Ал кей мамандыққа тіпті, диплом да талап етілмейтін болады. Сертификаты болса, жеткілікті. Еңбек күні қарсаңында, жауапты министрлік осындай мәліметтермен бөлісті.

Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары:
-Қазіргі біздің алып жүрген формальды білімімізбен қатар қысқа мерзімді баламалы білім де заман талабы болып отыр. Сол үшін «Кәсіби біліктілік туралы» арнайы заң қабылданды. Яғни енді азаматтар белгілі бір мамандықты оқыту орталықтарында меңгеріп, алған сертификаты бойынша жұмысқа орналаса алады. Қазір сондай оқыту және сертификаттау орталықтары іріктеліп жатыр.