Хабар телеарнасы

Зияткерлік меншік құқығы қорғалуы тиіс

Елдегі контрафакттың басым бөлігі балалар ойыншығы арасында кездеседі. Бұл олардың қауіпсіздігі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан күресті күшейту қажет. «Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау» семинарында халықаралық сарапшылар осындай ой айтты. Олардың сөзінше, тек бір ғана ұйымның өзі жылына 50 млн дана контрафакт тәркілеп, жояды. Алайда бұл жеткіліксіз. Зияткерлік меншік тауарларының тәуір көшірмелері сауда нүктелерінде лық толы. Ақпарат кеңістігінде де авторлардың құқығына жиі қол сұғылады. Мұның алдын алу үшін жуырда ТМД елдерінің арасында арнайы келісім ратификацияланды. 

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мысал үшін көршілес қырғыз елінің бір әнін Қазақстанның бір азаматы рұқсатсыз алып орындайтын болса, Қырғыз елі осы ратификацияны басшылыққа ала отырып, қырғыз елінің азаматы өз құқығын қорғай алады. Керісінше, Қазақстанның қандай да болмасын бір интеллектуалды меншігіне басқа елдің азаматтары қол сұғатын болса, ол да осы ратификацияның шеңберінде өзінің құқығын қорғауға мүмкіндігі бар.