Хабар телеарнасы

Астанада ХІ Азаматтық форум басталды

Астанада Қазақстанның ХІ Азаматтық форумы басталды. Жиынға еліміздің барлық аймағынан бас-аяғы 600-ден астам делегат қатысып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, депутаттар мен мемлекеттік органдардың басшылары 2 күн бойы саланы дамыту мәселелерін талқылайды. Қазір елімізде 20 мыңнан астам үкіметтік ұйым бар. Форумда сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің рөлін одан әрі арттыру да сөз болмақ. Айта кетейік, бізде ондай 258 кеңес жұмыс істейді. Ал оларға ел бойынша 4 мыңға жуық адам тіркелген. Сала мамандарының сөзінше, бүгінде азаматтық қоғамның мәртебесі өсіп келеді.

Бану Нұрғазиева, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті:
-Конституция енгізген өзгерістердің арқасында бірталай мықты-мықты заңдар қабылданды. Азаматтық қоғамға ең бірінші «Қоғамдық бақылау» заңы керек еді. Президент Жолдауында айтты ғой, осындай Заң қабылдансын деген кезде сол күннен бастап осы заң дұрыс заң болсын деп қабылдадық. Әрбір азамат, соған қоса әрбір үкіметтік емес ұйымдар және коммерциялық емес ұйымдар заңды түрде қоғамдық бақылауға араласып, жұмыс жасауына болады.