Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында шекара заңын бұзған 2,5 мың адам ұсталды

Жамбыл облысында жыл басынан бері шекара аймағында заңды бұзған 2,5 мың адам жауапкершілікке тартылды. Олардың 90-ы - Пәкістан, Үндістан, Непал, Бангладеш сынды орталық және оңтүстік Азия елдерінің азаматтары.

Прокуратураның мәліметінше, келімсектер Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп, Еуропаға өтпек болған. Аталған деректерге қатысты 102 қылмыстық іс қозғалып, қалғандары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шет ел азаматтары 5 жылға елден депортацияланды. Шекарадағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін аймақта, «Ұйымдастыру кеңесі» құрылған еді. Жоба аясында соңғы екі жылда шекараның 500 шақырымы сыммен қоршалып, 76 жеріне жөндеу жүргізілді және 228 бейнекамера орнатылды. 

Абай Тәжбен, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:
- Соңғы 2 жылда елге 2,6 млн теңгенің темекісі мен 126 мың құты алкаголь заңсыз кіргізілмек болды. Ал Қазақстан аумағынан 132 тонна жанармай заңсыз шығарылған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке 2 млрд теңге шығын келді. Осыған байланысты прокуротура мен жергілікті билік және шекарашылар арасында арнайы жоспар жасалды. Шекараға тым жақын кәсіпкерлік жер телімдерін мемлекет меншігіне алу үшін істер сотқа жолданды.