Хабар телеарнасы

Елордада балаларға арналған травматологиялық пункт ашылды

Елордада балаларға арналған тағы бір травматологиялық пункт ашылды. Онда «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарының тұрғындары медициналық көмек ала алады. Бұл қалалық №2 ауруханаға жүктемені біршама азайтып, балақайлардың уақытылы ем алуына мүмкіндік береді. Себебі биылдың өзінде қаладағы жалғыз травматологиялық орталыққа 70 мыңнан астам бала көмекке жүгінген.

Желтоқсан көшесінде орналасқан бұл травмпункт 24 сағат бойы ашық. Мұнда рентген диагностика бөлімшесі, таңу, гипстік және процедуралық кабинеттер жұмыс істейді. Балақайлар алғашқы көмек алып, кейін үйлеріне жіберіледі.

Жарқын Қарабалина, №2 көпбейінді қалалық Балалар ауруханасы директорының орынбасары:
-Жедел жәрдем шақырған кезде олардың барлығы жарақатына байланысты, күрделі ме, жеңіл ме оған қарамай, емханаға апаратын. Қазіргі уақытта осы пункттің ашылуына байланысты жеңіл жәрдем баланың алған жарақатына байланысты әкелетін болады. Күрделі емханаға барады, жеңіл осы жарақат пунктіне әкелетін болады. Бұндағы мақсат – №2 көпбейінді балалар ауруханасындағы жүктемені азайту.

Әлия Рүстемова, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Емхана базасындағы травматологиялық пунктке тәулігіне 200 бала жүгінетін. Соның 5% ғана ауруханаға жатқызылады. Ал 95% травматологиялық пунктте көмек алып, үй жағдайында ем алады. Сондықтан тағы бір пункт аштық. Бұл жүктемені едәуір азайтып, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жауаптылардың айтуынша, бұл бағыттағы шаралар жалғасын табады. Қала әкімдігі келер жылы үшінші травматологиялық пункт ашуды жоспарлап отыр.

Авторлар: Дана Әлиева, Әлібек Алиев