Хабар телеарнасы

ІІМ орынбасары қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынған полицей туралы пікір білдірді

Осыдан бірнеше күн бұрын әйел зорлады деген күдікпен қамауға алынған Талдықорған қалалық Полиция басқармасының басшысы бұған дейін де басы дауға қалған. 2019 жылы Марат Күштібаев Алматы облыстық жергілікті Полиция басқармасының басшысы қызметін атқарып жүргенде қарамағындағыларды балағаттап, қызметінен қуылыпты. Дәл осындай жағдай биыл да қайталанып, ол қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған екен. Ал полицейдің соңғы жасаған қылмысы үшін кеше Жетісу облыстық Полиция департаментінің басшылығы жұмыстан қуылды. Талдықорғанға арнайы барған министр, облыстық Департаменттің бастығы мен оның екі орынбасарын қызметтен босатқан. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Марат Қожаев, ҚР ІІМ орынбасары:
-Енді ұятты жағдай. Оны мойындау керек. Бірақ әр адамның ойына, жүрегіне, бойына, қанына сіңетін ойларын біз біле алмаймыз. Тексерістен талай өтті. Жаңа келген қызметкер емес, талай жылдар істеп келе жатқан адам. Бірақ осындай нәрсені істеп қойды. Енді жауапкершілігін тергеу анықтайды. Сотқа жіберіледі. Шешімін күтесіздер.