Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында еңбек адамдары марапатталды

Қарағанды облысында 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді. Соңғы 5 жылда осы салада 7 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биылғы жылғы қиындықтарға қарамастан, аймақ фермерлері жақсы өнім алдық деп отыр. Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында еңбек адамдарының бір тобы құрметке ие болды.

Қарағанды облысында соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы саласына бағытталған инвестиция көлемі 2 есеге артты. Техникалар жаңартылып, жаңа технологияларға ден қойылды. Тек осы жылы 900-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Салада екпінді еңбек етіп жүргендердің бірі — Бүркіт Мұқашев. Ол «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды. 40 жылдық еңбегінің еленгеніне қуанышты.

Бүркіт Мұқашев, «Астра Агро» ЖШС басшысының орынбасары:
- Мен өмір бойы осы ауыл шаруашылығында келе жатқан адаммын. Бұрын шет ауданында қызмет жасадым. Ауыл шаруашылығын басқарып. Мал, ірі қара, егін мен картошка егеміз, көкөніс бәрі бар. Екінің біріне мұндай марапат бере бермейді ғой. Еңбегіміздің ақталғаны.

Салтанатты шара барысында ауыл шаруашылығы саласының үздіктері 10 номинация бойынша марапатталды. Биыл облыста «Ауыл Аманаты» бағдарламасы іске қосылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға 600-ге жуық шағын грант беру жоспарланып отыр.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
-Биылғы жылдың күрделі ауа-райына қарамастан облыс диқандары жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді деп айтуға болады. Мал басы мен құс саны артып, мал шаруашылығының негізгі түрлерінің өнімі ұлғайды. Бидай, ет, сүтті өңдеу бойынша ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде.

Жалпы биыл Қарағанды облысының Агроөнеркәсіптік кешенінде 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Құны 11,6 млрд теңге. Нәтижесінде 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Тың жобаларды қаржыландыру келесі жылы да жалғасын таппақ.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков. Зарина Зұлпыхар.