Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында егіс алқабының 20% орылмай жатыр

Жауын-шашынның мол болуынан бидай масағы қайта көктеп кеткен.

Ал техника батпақтан жүре алмайды. Кейбір қожалықтар салқын түсе астық шабуды қолға алмақ. Ылғалдылығы жоғары бидайды кептіру үшін өңірдегі екі бірдей астық сақтау қоймасына 110 тонна арзандатылған дизель отыны берілді. Бұдан бөлек, шаруалардың қаржы ұйымдары алдындағы берешегін өтеу бір жылға шегерілді. Ылғалдылықтан сапасы төмен бидайды енді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» сатып алмақ.

Тек Ақтөбе облысы бойынша 8 мың тоннадан астам астықты алу жоспарланып отыр. Бұл шаруалар үшін үлкен көмек. 

Нұрбек Райымбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Көптеген шаруашылықтарды қамту мақсатында жұмыс тобы құрылып, сәйкесінше пропорционалды түрде бөлінетін болады. Жалпы аумағы 5 мың гектарға дейінгі шаруашылықтар бір шаруашылық 500 тонна, 5 мың гектардан жоғары шаруашылықтар 1 400 тоннаға шейін тапсыруға болады. 4-сыныптағы астықтар үшін бір тонна үшін 105 мың теңге төленеді тапсырғаны үшін, ал 5 сыныптағы астықтар үшін 70-90 мың теңге аралығында төленетін болады.