Хабар телеарнасы

Ұлытаудағы агроөнеркәсіптік кешендерге 3 млрд теңгеден астам несие берілді

Биыл Ұлытау облысында кәсіпкерлікті қолдау шаралары сәтімен жүзеге асты. Әсіресе агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 46% жоғары. Жыл басынан бері 80 фермер «Агробизнес» бағдарламасы бойынша төмен пайызбен 3 млрд теңгеден астам несие алған. Ал кәсіпкерлікті дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары аясында мемлекет қолдауымен кәсіп бастаған жастар табысқа кенеліп отыр.

Бұл балаларға арналған гидромассаж орталығы. Мұндай қызмет жаңа облыста әлі қарқын ала қойған жоқ. Сондықтан сұраныс жоғары. Жас ана Эльмира Тұяқбайдың жобасы мемлекет тарапынан бірден қолдау тапқан. Бизнес жоба жылдық үстемесі 2,5 пайыздық 5 млн теңге несиеге жүзеге асты.

Эльмира Тұяқбай, кәсіпкер: 
- Кейбір балалар қазір дисплазиямен, гипоксиямен туып жатыр. Гипертонус, гипатонус, ДЦП сияқты неше түрлі диагнозбен дүниеге келіп жатқан жағдайлар бар. Осындай балаларға және солармен қоса дені сау балаларға да біз массаж қызметін көрсетеміз.

Сұраныс пен табыс артқалы Эльмира орталықты одан әрі кеңейтуді, көрсетілетін қызмет түрлерін жетілдіруді жоспарлап отыр. «Жақында ересектерге арналған массаж кабинетін ашсам», - дейді.

Эльмира секілді кәсіптің көзін тапқан азаматтың бірі – Айдос Төкенов. Бала жастан техникаға қызығып өскен ол жеңілдетілген несиенің көмегімен дөңгелек жөндеу орталығы мен көлікке қажет бөлшектер сататын шағын дүкен ашты.

Айдос Төкенов, кәсіпкер: 
- Әрине, бірден бизнес бастау оңай емес. 2,5 пайыздық несие біздерге тиімді болып отыр. Несиені өтеу барысында жеңілдіктер ұсынылады. Сыйақысы да бар. Нәтижесінде көптен армандаған кәсібімді ашуға мүмкіндік алдым.

Қазір ұлытаулық кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несиелерге өтінім беру үшін үлкен қалаларға сабылып әуре болмайды. Жаңа облыста барлық қаржылық ұйымдардың филиалдары мен кеңес беру орталықтары жұмыс істейді.

Мейрам Сәбитов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары: 
- Жеңілдетілген несие көлемі 5 млн теңгеге дейін. Жылдық сыйақысы 2,5%. Мал шаруашылығын дамытуға рәсімделген несиелер 7 жылға дейінгі уақытқа рәсімделеді. Облыс жастары үшін тағы бір жағымды жаңалықты айтқым келеді. Аталған бағдарлама келер жылы да жалғасын табатын болады. Оған 355 млн теңге қарастырылған.

Мұның сыртында облысқа «Ауыл аманаты» бойынша 3,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінге дейін 1 млрд теңге көлемінде шағын несие берілді. Өтінімдердің 98% мал шаруашылығына бағытталған.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев