Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында үш ауыл газ желісіне қосылды

Қызылорда облысында 4 мыңдай тұрғыны бар 3 ауыл газ желісіне қосылды. Осылайша өңірді көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 75% жетті. Бұл мақсатқа бюджеттен 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. 

Шалқия ауылының тұрғыны Зурахан Омушова: «Таңертең ерте тұрып, пеш жағу, күл шығару машақатынан құтылдық»,- дейді. 5 бөлмелі баспанасы көгілдір отынмен жылытыла бастады. Күнделікті ас-ауқатты да газ плитасына әзірлеп отыр.

Зу Рахан Омушов, Шалқия ауылының тұрғыны: 
- Бұрын балам-ау, бір емес, екі пеш жағып отырдық. Парабойға да жақтық, үлкен кісі болғасын отырған бөлмеге де жақтық. Енді 2-3 күнен бері сезініп жатырмыз. Жақсы, өте жеңіл болып қалды, бір жұмысымыз азайып қалды дегендей. Бір қыста 10 тонна көмір кіргізсек, 10 тонна күл шығарамыз дегендей. Енді одан құтылдық.

Шалқия ауылынан бөлек, Құттықожа және Кейден елді мекендері де газ желісіне қосылды. Жалпы Жаңақорған ауданында барлығы 35 ауыл бар. Бүгінде соның 6 көгілдір отынның игілігін көріп отыр. «Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады»,- дейді мамандар.

Қайрат Сапарбаев, Жаңақорған аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: 
- Биылғы жылға біз енді Жаңақорған кентінің батыс аймағында орналасқан Төменарық – үлкен елді мекен. Сол елді мекенге газдандыру жұмыстары екіжылдық құрылыс мерзімімен аяқталу үстінде. Биылғы жылдың наурыз айында осы елді мекенге дейінгі газ желілерінің бойында орналасқан 5 елді мекен бар. Жыл аяғына дейін көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Қызылорда облысында өткен жылы 12 елді мекенге газ құбырлары тартылды. Биыл өңірде тағы 12 ауылды көгілдір отынмен қамту үшін 4 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін аймақты газдандыру көрсеткіші 78% жетеді.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин