Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысының екі ауданында төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысының Хромтау және Әйтеке би аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қазір өңірдегі 7 бірдей республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабық тұр. Өткен тәулікте 300 адам жолдағы қар құрсауынан босатылды, тағы 149 құтқарылған. Боран салдарынан электр желілері зақымданып, шамамен 2 мың абонент жарықсыз отыр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші: 

- Облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты жағдай әлі де күрделі. Сондықтан да барлық құтқару қызметі мен полиция өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгіннің өзінде бірқатар жауапты мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, оның қортындысы бойынша екі бірдей ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ал жол бойында тұрып қалған көліктер мен жолаушыларды құтқару күні-түні жүргізіліп жатыр.

Жанболат Төлепбергенов, облыстық ТЖД басқармасының аға офицері: 
- Қазіргі таңда құтқарушылар, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен бірлесе 321 адам эвакуацияланды. Сонымен қоса 149 адам құтқарылды. Оның ішінде шетелдің азаматтары да бар. Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ бағытында шамамен 1500 жуық жүк және жеңіл автокөліктер тұрып қалды. Осы бойынша авариялық құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Ақтөбе өңірінде ақтүтек боран бір тәулік бұрын басталған еді. Ұйтқыған жел 5 үйдің шатырын жұлып әкеткен. Сондай-ақ электр желілерінің зақымдануынан шамамен 2 мың абонент жарықсыз отыр. Желілерді жөндеу үшін 35 бригада жұмысқа кірісіпті. Осы жарықтың болмауынан бірқатар шағын аудан халқы суға жарымай отыр.

Амангелді Боранқұлов, коммуналдық кәсіпорынның бас инженері: 
- Ауа райының қазір жел болып тұруына байланысты кейбір тапсырыстар қайта-қайта қайталанып жатыр. Бір жерге барған жерге 2-3 қайтара баратын жерлер бар. Сондықтан нақты сусыз отыр деп айта алмаймыз. Анау «Батыс-2» ауданында шамалы шектеулер болып жатыр.

Қазір облыс орталығында боран басылды. Дегенмен мамандар алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев