Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы Ойтал ауылының оқушылары дәлізде оқуға мәжбүр

Жамбыл облысындағы Ойтал ауылында 300 орындық мектепте мыңға жуық бала білім алуға мәжбүр. Орын тапшы болғандықтан, оқушылар 3 ауысымда оқып жатыр. Ғимаратта кабинет жетпегендіктен, ұстаздар дәлізді оқу сыныбына айналдырған. Мәселе қашан шешіледі? 

Ойтал ауылындағы орта мектеп 1976 жылы 300 орынға есептеліп салынған. Дегенмен 2 жылдан бері 3 есе көп оқушы 3 ауысымда білім алуда. Себебі білім ошағында 4 ауылдың балалары қатынап оқиды. Шағын мектепте информатика, физика, химия кабинеттері болмағандықтан, оқушылар ол пәндерді өз сыныптарында өтеді. Мектеп ұжымы мәселені шешу үшін дәліздерді қоршатып 4 оқу сыныбын жасатқан. Бірақ ол да жетпей, директор мен орынбасарлары кабинеттерін босатып беріпті.

Ерзат Серікұлы, мектеп директорының орынбасары:
-Мысалы, бала саны аз сыныптарға келеді. Ал енді 20-25-тен асып жатса, сәйкес келмейді. Өйткені көріп отырсыз, оқу парталары тақтаға жабысып тұр. Ал санитарлық талаптар бойынша сан эпид нормасы бойынша тақтадан бала екі метр қашықтықта болуы керек.

Мектептегі орын тапшылығы келесі оқу жылында шешілуі мүмкін. Былтыр нысанға жапсарлас 210 орындық ғимараттың құрылысы басталды.

Берік Ахметбеков, мектеп директоры:
-Егер бітпей қалған жағдайда мемлекеттік аттестациялауға біз 2024-те түсіп қалатын болса, біз онда пәндік кабинеттердің бала санына ыңғайластыруға байланысты аттестациядан өтпей қалу қаупі бар.

Жалпы Меркі ауданында 35 мектептің екеуі үш ауысымдық жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр. Мәселені шешу үшін жаңа ғимараттар салынбақ.

Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:
-Биылдыққа екі жаңа мектептің құрылысы бой көтереді. Екі мектепте күрделі жөндеу жүреді. Қазіргі таңда біз жобалап отырмыз Меркі ауылында да оқу орны тапшылығы болады деп. Сондықтан қазірден бастап Меркі ауылында 600 орындық «жайлы мектеп» құрылысын жоспарлап отырмыз.

Жамбыл облысында былтыр 28 мектептің құрылысы басталып, 17 білім нысанында күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Осылайша биыл аймақтағы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі толықтай шешілмек.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә