Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында биыл жол-көлік оқиғасынан 18 адам қаза тапты

Әсіресе республикалық тас жолдардағы жантүршігерлік жағдайлар тиісті мекеме қызметкерлерін алаңдатып отыр. Жол-көлік апатының көбеюіне не себеп? Оның алдын-алу үшін не істеу керек?

Нұрлан Қойшаманов осыдан екі апта бұрын болған көлік апатында төрт бірдей жақынынан айрылған. Туған інісі мен қарындасы екі баласын ертіп, көлікпен Кеңқияқ ауылынан қалаға шыққан.

Алайда арада бірер сағат өткен соң Ақтөбе-Астрахань бағытындағы жолда көлікпен соқтығысқанын естіпті. Сол оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, тағы үшеуі аурухана жеткізілген.

Нұрлан Қойшаманов, қала тұрғыны:
- Үйде анам бар 70-тен кеткен. Өзінің, інімнің әйелі қалды екі қызымен. Адам баласына бермесін мұндайды, өте ауыр. Ең бастысы анама қиын. Автобус керек немесе таксилерге сондай GPS қою керек, бәрі заңды болуы керек қой.

Жыл басталғалы өңірде көлік апаттарынан 18 адам қайтыс болды. 78 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 109 адам зардап шеккен. Ал қаза тапқандардың саны былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38% көп.

Жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушілерге 35 мың айыппұл салынған.

Ардана Саймағамбетов, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Соңғы мына екі жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің тәртібі жоқ екенін дәлелдеп отыр. Сонымен қатар жолдың жақсы жерінде бір-біріне соғысқан. Алайда тексеріп кеп қарасақ, бір автокөлікке сол күні таңертең айыппұлдар салынған. Екіншісіне бір күн бұрын айыппұлдар салынған.

Полиция қызметкерлері көлік апаттары негізінен облыс орталығы мен оған жақын жатқан елді мекендерде тіркелгенін айтады. Алайда жантүршігерлік оқиғалар  «Ақтөбе-Астрахань» және «Самара-Шымкент» бағытындағы жолдарда болған. Әсіресе соңғы аталған тас жолдың сапасы сын көтермейді. Бұл жолмен тәулігіне 16 мыңға жуық көлік қатынайды.

Қайыржан Тағабергенов, жүргізуші:
- Хромтауға дейінгі жол - жол емес. Шұрық-тесіктерді айналып өтуге тырысамыз. Бірінен қашсаң, екіншісіне тап боласың. Аварияның бәрі соның кесірінен болады.

Қазір бұл бағыттағы жол жөнделіп жатыр. Ақтөбеден Қызылордаға қарай тартылған көлік дәлізінің шамамен 260 шақырымын 4 жолақты етіп қайта салу жоспарланған. Қар кетіп, жер кепкен соң алғашқы жобасы жүзеге асырылмақ.

Айбол Данағұл, «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ АОФ басшысы:
- Бір учаскесіне мердігер мекеме анықталды. Қайта жаңарту болып есептеледі. Яғни екі жолақты жол үшінші санаттағы оны бірінші санатқа яғни төрт жолақты жолға кеңейтеміз. Жаңа жолды салып бастайды биыл. Ал мына көне жолды шашылып қалған жерлері толығымен кесіп алып, жаңа асфальт уақытша асфальтоукладчикпен салып береміз деп міндеттемесінде бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Жол-көлік апаттарының алдын алу үшін өңірдегі патрулдік жасақ саны 3 есеге артты. Тек «Самара-Шымкент» бағытында аудандық бөлімдердің қызметкерлерінен жасақталған 15 топ бар. Бұған қоса жол бойына 600 астам бейнебақылау камерасы орнатылды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев