Хабар телеарнасы

Еліміздегі жарты миллионға жуық студенттің мойнында несие бар

Оқу бітіріп үлгермей, қарыздың қамытына кіргендер негізінен тұтынушылық кредит алған. Оның 47 мыңы осы уақытта проблемалық несиеге айналыпты.

Мамандар: «Бұл кей банктердің табыстың бар-жоғына қарамай, оңды-солды қарыз беруіне байланысты»,-дейді.

Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы ресми табысы жоқ студенттерге енді несие берілмейтінін ескертті. «Ал берешегін төлеу мерзімі өтіп кеткендерге, банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына арыз жазу керек. Сонда оларға жаңа төлем кестесі жасалады»,-деді.

Сарапшылар болса, мәселені шешу үшін кредит беру жасын шектеуді ұсынып отыр.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:
- Несие алып, қарызға батқан жастар көбейіп барады. Маған микроқаржы ұйымдары мен банктерге жарты млн теңге берешегі бар студенттер келіп, кеңеседі. Ата-аналарына айтуға қорқады. Ал өз еркімен мәселені шеше алмайды. Сондықтан мен жұмыс істесе де, істемесе де 21 жасқа дейін несие бермеу керек деп есептеймін. Қазақстанның банк жүйесінде мұндай тәжірибе бұрын болған.