Хабар телеарнасы

Қоғамдық орындарда әдепсіздік танытқандар әкімшілік жазаға тартылады

Басты құндылықтардың бірі – заң және тәртіп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда осы мәселеге баса мән берді. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді деген Президент, үлкен қылмыстың өзі жаман әдет пен тәртіпсіздіктен басталатынын меңзеді.

Көшеге қоқыс тастап, қоғамдық орындарда әдепсіздік танытып, жолда дөрекілік көрсеткендердің өзі бүгінде әкімшілік жазаға тартылады. Құқыққорғаушылар болса соңғы жылдардағы заңды қатаңдату нәтижесінде қылмыстық және әкімшілік заңбұзушылықтардың азайғанын айтады. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу фактілері өткен жылмен салыстырғанда 20%-ке, ал ішімдік ішіп рөлге отыратындар саны 10%-ке төмендеген. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс та дәл осындай, 10%-ке азайған.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:
-Қазір Мәжілісте бірнеше заңның жобалары жатыр. Ол жерде осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты, жасөспірімдерге зомбылық көрсетуге байланысты, тәртіп бұзуға байланысты жауапкершілікті күшейту мәселелері қаралып отыр. Заңбұзушылық фактілері бойынша қатаң түрде жауап беретінін түсінбейінше, бұл мәселені шешу мүмкін емес. 

Абай болмасаңыз, бір қарағанда ешкімге зияны жоқ интернеттің өзі, бүгінде нағыз қылмыс алаңына айналды. «Жалған интернет саудадан бастап, бір қоңырау арқылы шотыңыздағы қаржыны қағып алатын хакерлер көбейді»,— дейді мамандар. Қазір елімізде интернет алаяқтыққа қарсы киберпол жұмыс істейді. Дегенмен алаяқтарға алданып, сан соғып қалғандар азаяр емес. Өткен жылы интернет алаяқтық бойынша 3 мың қылмыс тіркелсе, жыл басынан бері бұл көрсеткіш тағы 8%-ке артқан. Оның екі мыңнан астамы азаматтардың келісімінсіз алынған. Халықтың 4 млрд теңгеден астам қаржысы, алаяқтардың қалтасына кеткен.