Хабар телеарнасы

Тасқыннан зардап шеккендерге салық төлемі шегеріледі

Еліміздің су басқан өңірлеріндегі тұрғындар үшін салық бойынша міндеттемелері 3 ай мерзімге кейінге шегеріледі. Яғни азаматтар 1 наурыз бен 1 шілде аралығында салық және басқа да міндетті төлемдерден босатылады.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті осындай бұйрығын «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталына талқыға шығарды. Құзырлы орган Әділет министрлігінің батасын күтіп отыр, тиісті шешім болса, онда су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары 1 шілдеге дейін салық міндеттемелерін ұмыта тұрады.

Бір анықтай кететін мәселе – су басқан өңірлердің тұрғындары 3 айға салықтан мүлде босатыла ма, әлде төлеу мерзімі кейінге шегеріле ме?

Салықтан мүлде босатылмайды. Тек 1 наурыздан 30 маусымға дейінгі міндеттемелер кейінге қалдырылады. Тағы бір елең еткізер дерек – Сергек камерасына түсіп қалған жүргізушілердің айыппұлы кешіріледі.

15 сәуірден бастап «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталына су тасқынынан жапа шеккен өңір тұрғындары үшін салық төлеу мерзімін шегеру туралы бұйрық талқыға шығарылды. Оған сәйкес келесі міндеттемелер 1 наурыз бен 1 шілде аралығында шегеріледі.

Төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, барлық салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша төлеу мерзімін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру, салық есептілігін тапсыру мерзімдері; уақтылы орындалмаған салық міндеттемесі бойынша берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу, орындалмаған салық міндеттемелері бойынша өсімпұл есептеуді, салықтық тексерулерді және камералдық бақылау нәтижелері бойынша Мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімін 1 наурыздан бастап 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын.

Қаржы министрлігі бұндай қадамды былай деп түсіндіреді. Және назар аударатын белгілі бір шарттар бар.

Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Су тасқынының салдарынан көп азаматтар салық есептілігін тапсырмақ түгілі үй-күйсіз қалып жатқан жағдайы бар. Сондықтан осы жағдайлардың барлығын ескеріп, қазіргі уақытта осы аумақтағы тұрғындар, олардың салық міндеттемесін орындау мерзімін ұзартуға ұсыныс беріліп отыр. Жергілікті әкімдіктерде зардап шеккендердің тізімінде болса, аталған азаматтар, сол жағдайда ғана беріледі. Заң бойынша бекітілген, алдын ала есептелген салықтардың барлығы төлеуге жатады. Бұл тек оған мүмкіндік, кейінге қалдырып, өсімпұлсыз, ешқандай мәжбүрлеп өндіру шараларынсыз, соны кейінге шегеруге мүмкіндік бар.

Еске сала кетсек, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары депутаттарға біраз бұйымтайын жеткізген. Соның бірі көлік жылдамдығын асырумен байланысты айыппұлдар. Қазір сергекке түсіп қалған көлік иелерінің айыппұлдары 1 сәуірден бастап кешіріліп, мәліметтер базасы тазаланып жатыр екен.

Экономистер де жапа шеккен өңірдегі кәсіпкерлікке қан жүгіртуді көздейтін ұсыныстарын алға тартуда.

Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Мемлекеттік сатып алулардағы көрсетілетін қызметтер, тауардың түрлерінің басым бөлігі осы бір тасқыннан жапа шеккен аймақтардағы кәсіпорындарға тапсырыс ретінде жүзеге асырылатын болса, әртүрлі қиындықтарға ұшыраған шағын және орта бизнес субъектілеріне грант ретінде беру, қайтарымсыз несие ретінде беру сияқты сұрақтарды көтеретін болса, осылардың барлығы да біздің сол өңірлердің тезірек қалпына келуіне және де халықтың еңсесінің көтеріліп, өздерінің кәсіптерінің, өздерінің болашақтарының жарқын екендігіне сенім білдіретін дүние деп өз басым ойлаймын.

Қазіргі басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігі, дей тұрғанмен тасқынға тосқауыл қойылады, су кетеді, бірақ біраз мәселе қалады. Сол кезде судан қалжырап шыққан елге осы салық немесе несие бойынша жеңілдіктер, түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуден босату, төтенше жағдай уақытында келген айыппұлдарды кешіру сияқты т.б қадамдар халыққа үлкен сеп болатыны анық.