Хабар телеарнасы

Жайықтың сағасы тереңдетіліп жатыр

Атырауда Жайық өзенінің Каспи теңізіне құяр тұсы тереңдетіліп жатыр. «Өңірге келетін тасқын судың теңізге кедергісіз құйылыуы үшін бұл жұмыстардың көмегі мол»,— дейді мамандар. 

Жайықтың теңізге құяр сағасын тереңдету 11 сәуірде басталды. Содан бері Павлодар өзен порты мекемесі екі ауысыммен күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін мұндағы тереңдік жарты метрге де жетпейтін. Қазір 1 метрден асты.

Дидар Әліпов, жоба жетекшісі:
-Урал-Каспийский канал деген өзінің негізі 56 км болады. Соның ішінен Жайықтан шығатын су ауызы бітеліп жатыр. Тереңдету жұмысының параметрлері бізге берілген 1600 метр ұзындығы каналдың 20 метр ені, тереңдету 1,20-1,40 метр. Осы күнде 2 земснаряд жұмыс жасап жатыр.

Жайық өзені мен оның теңізге құяр тұсын тереңдету тамыз айына жоспарланған еді. Бірақ тасқынға байланысты ерте басталды. Өйткені жоғарыдан келген су теңізге кедергісіз кетуі үшін жобаның маңызы зор.

Талғат Бисен, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
-Түп тереңдету жұмыстары жалпы тасқын су келгенге дейін жалғасатын болады. Республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша жолданған болатын. Жоба бойынша 13,6 шақырымды, ені 40 метрді, тереңдігі 3 метрді құрайтын. Қазіргі таңда бізде тезірек жұмыстарды ақтару керек болғасын ерте кірісіп кеттік.

Тереңдету жұмыстары балықшылар үшін де маңызды. Өйткені бірнеше жылдан бері өзеннің теңізге шығар жері таязданып, кеме қатынасы да үзілген еді.

Облыс орталығында Жайық өзеніндегі су деңгейі 412 сантиметрге жетті. Қазір облыста тасқынға қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 512 шақырым бөгет соғу жоспарланса, бүгінде соның 90% астамы орындалды. Бұл жұмыстарға 15 мыңнан астам адам мен 1745 техника жұмылдырылған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин