Хабар телеарнасы

Абай облысы Көкпекті ауданының шаруалары мол суды кәдеге жаратты

Олар сай саладан ағып келген суды жасанды тоғанға жинап алды. Енді жаздағы аптап ыстықта оны емін-еркін қолданады. «Соңғы жылдары жаңбыр аз жауып, құрғақшылық болған аймақ үшін бұл — дұрыс шешім»,— дейді фермерлер.

Көктемгі тасқын Көкпекті жұртын да әбігерге салды. Кіндікті, Көкпекті өзендері арнасынан асты. Екі ауылдық округке қауіп төнді. Дегенмен ел болып, тосқауыл қойды.

Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:
-Қиыншылықтың бәрін береке бірлік пен ғана атқардық. Тасқын кезінде ауыр техника, шаруашылық қожалықтары болысты.

Болат Бекбердинов болса, қарғын судың әр тамшысын пайдалануға асықты. Ет экспортымен айналысатын ол малдың күйлі болуы азығына байланысты екенін айтады. Биыл жүгері де, жоңышқа да бітік шығарына сенімді.

Болат Бекбердинов, шаруа қожалығының басшысы:
-Тіпті де үлкен су қоймасын салса, жылда келетін судың биыл кішкене ерекше келді. Бірақ жылда келетін судың өз көлемі бар. Оны санау оңай. Сол судың бәрін үлкен су қоймасына құйса, онда мен емес, біздің қожалық емес. Мына жерде қанша қожалық бар, бәрі пайдаланатын еді.

Ол үш жасанды қоймаға 150 мың текше метрдей су жинап алды. Таудан ағып келген су таза, лайланбаған. Жалпы ауылда биыл шөп тапшылығы шешілер деген үміт бар.

Нұрбек Сүлейменов, ауыл тұрғыны:
-Шабындықтың бәрі алыс жерде жоғарғы жақтағы ауылдардан сұрап шауып жүретін. Биыл судың көптігіне байланысты шабындыққа жайылып, бұйырса, ауыл тұрғындары жақын жерден үйдің іргесінен деуге болады. Малдарының азығын дайындап, бір жақсылыққа кенелейін деп тұр.

Тасқыннан жиналған су есебінен ауыл шетіндегі 7 мың гектар шабындық алқабын көлдетіп суғару да қолға алынбақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов