Хабар телеарнасы

3 жыл ішінде барлық ауыл сапалы интернетке қосылады

Бұл туралы Сенатта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбек мәлімеді. Бүгінгі жиында оны іске асыруға  себі тиетін заң жобасы қаралып, екі оқылымда қабылданды. Құжатта интернет байланыстың сапасын көтеру мен қызмет құнын арзандату көзделген.

Айта кетейік, былтыр байланыс саласында 1,2 трлн теңгенің қызметі көрсетілген. Оның жартысына жуығы интернет қолданушыларынан түскен. Зерттеу дерегінше, қазір тұтынушылардың 88% цифрлық сауатты саналады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бірқатар түзету ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану аясын кеңейтуге арналған. Сонымен қатар алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын болғызбауға бағытталған нақты шаралар қарастырылған. Жалпы мақұлданған заң сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерін ұсынуға, сондай-ақ  Қазақстанның цифрлық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Сенаторлар сондай-ақ Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау туралы хаттаманы бекітті. Екі ел арасындағы келісім 2033 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Ресей мұнайының бір бөлігі қазір де Қазақстан арқылы Қытайға кетіп жатыр. Соңғы 10 жылда Ресейдің 91 млн тоннаға жуық мұнайы шығыстағы көршімізге жеткізілген. Транзиттен 1,3 млрд доллар табыс түскен.

Енді мұнай транзитінің көлемінің өсуінен Қазақстан алдағы оны жылда тағы 1,7 млрд доллар пайда табады деп жоспарланып отыр.

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Хаттамаға қол қойылған күннен бастап құжатты уақытша қолдану туралы шарт енгізілген. Мұндай қолдану мұнайды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге, тасымалдау кестелерін уақытылы бекітуге, тарифтер бойынша қызметтер үшін төлемдерді уақытылы шығаруды қамтамасыз етуге, салық төлемдерін сақтау есебінен бюджет түсімдерін қамтамасыз етуге бағытталған.