Хабар телеарнасы

Қостанай ауданында тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Қостанай облысында зақымданған үйлердің 95% тексерілді. Олардың 796-сы жөндеуді қажет етеді. 473-ін қалпына келтіру мүмкін емес. 2 мың 20 бас мал шығынын өтеу үшін 855 миллион теңгеден астам төлем төрт түлік иелеріне берілді. Ал бүгін өңірдегі Аманкелді, Жанкелдин аудандарында жаңа үйлердің құрылысы басталды. Қос ауданда жалпы саны 70 баспана салынатын болды. Табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай ауданында тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр? 

Жангелдин ауданында 41 жаңа үй салынады. Оның 19-ы Көлқамыста, 22-сі Тәуіш ауылында бой көтермек. Осы аптада алғашқы үйлердің қазығы қағылып, іргетасы қаланды. Бұл ауданда өңірдегі бес ірі компания құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жансая Сүйінғарина, Көлқамыс ауылының тұрғыны:
-Қиыншылығымыздың бәрі артта қалып, қуанышты жағдайда отырмыз. Неге десеңіз, қазіргі таңда мынау көптеген құрылыс компаниясы өздерінің құрылыс материалдарын алып келіп, жаңағы құрылыс нысандарын бастап жатыр.

Бір күн бұрын Аманкелді ауданында да жаңа үйлердің құрылысы басталды. Мұнда жоспарланған 29 үйдің 18-і аудан орталығында, қалғаны Байғабыл, Қарасу, Есір, Ағаштыкөл ауылдарында салынады. Әр үйдің құны 29 миллион теңгеге бағаланып отыр. Ол шығынның бәрін «Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры өз мойына алды. Жаңа баспаналардың басым бөлігі мамырдың аяғында тапсырылуы тиіс. Ал тасқын судан зардап шеккен Қостанай ауданының тұрғындарына облыс орталығында салынып жатқан көпқабатты үйден пәтер ұсынылды.

Әйгерім Мұсанова, Алтынсарин ауылының тұрғыны:
-Балалар үшін осындай таңдау жасадық. Қалаға келу үшін барлық жағдай жасалған. Балабақша бар қасында, мектеп бар, балаларға ойнайтын аула бар. Барлығы жақын, аялдамалар жақын. Бәрі қолайлы.

Жаңадан салынып жатқан тоғыз қабатты үйдің 80 пәтері табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай ауданының тұрғындарына берілді. Мұндағы ішкі әрлеу жұмыстары бір айдың ішінде аяқталады.

Берік Таңжарықов, Қостанай ауданының әкімі:
-Тұрғындардың шешімдеріне байланысты жаңадан үйдің құрылысын жасауға болады немесе қаладан жаңа баспана пәтер сатып алуға келісімшартқа баруға болады. Қазіргі таңда жарамсыз үйлерден пәтер алуға 38 келісімшартқа қол қойылды.

Еліміздегі ірі компаниялардың қаржылай қолдауымен Қостанай облысында 400-ге жуық жаңа үй салынады немесе пәтер сатып алынады. Бұл енді тұрғындардың қалауына байланысты. Бұдан бөлек көпір, жол, электр желілерін жөндеу жұмыстары тағы бар. Осының барлығына шамамен 9-10 миллиард теңге керек.

Шухрат Ибрагимов, кәсіпкер:
-Тасқын судың зардабын жоюға барлық өңірлерге біздің компания 40 миллиард теңге бөліп отыр. Мұнымен шектеліп қалмаймыз. Зақымданған баспаналарды жөндеу, жаңа үйлер салу, инфрақұрылымды жаңғырту бағытында әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істейміз.

Көпшіліктің көңілінде осы мақсатқа бөлінген қомақты қаржы талан-таражға түсе ме деген алаңдаушылық бар. Осы тұста айта кетелік, кәсіпкерлер ешкімге, ешқайда ақша аудармайды. Олар үйді салуға, сатып алуға не жөндеуге тікелей төлем жасайды. Сондықтан бұл қаржыға көлденең біреу қол сұғады деп алаңдауға еш негіз жоқ.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг