Хабар телеарнасы

Қазақстандық жас өнерпаз балалар байқауының жеңімпазы атанды

12 жастағы қазақстандық өнерпаз Шерхан Арыстан балалар арасындағы халықаралық ән байқауының жеңімпазы атанды. Отандасымыз бас жүлдені Беларусь президенті Александр Лукашенконың қолынан алды. Марапат Витебск қаласында өтіп жатқан 32-ші халықаралық «Славян базары» өнер фестивалі аясындағы гала-концерт кезінде табысталды.

Айта кетейік, ұлттар арасындағы ұштастық пен бейбітшілікке бастайтын ауқымды шарада 35 елден 5 мыңнан астам әнші бақ сынап жатыр. Концерттік бағдарлама 17 шілдеге дейін жалғасады. Қазақстан атынан биыл Құралай Мейрамбек өнер көрсетеді. Бұған дейін ол «Славян базарының» балалар арасындағы музыкалық сайысында бірінші орынды иеленген болатын. Халықаралық музыкалық байқау аясындағы гала-концертте аты аңызға айналған беларусьтік «Сябры» ансамблі мен «Самоцветы» тобы жаңа құрамда өнер көрсетті. Ал қазақстандық әншілер Әлішер Кәрімов пен Әділхан Макин өткен жылдардың жеңімпаздары ретінде ән шырқады. 

Әділхан Макин, әнші: 
- Әлішер ағам екеуіміз «Беларуские прыгажуни» деген керемет беларусь халқының әнін орындадық. Халық керемет қарсы алды. Жүздері сондай жылы. Айтқың келе береді. Өнер көрсеткің келе береді.