Хабар телеарнасы

Ташкенттегі жарылыстан 15 жастағы бала қаза тапты

Ташкенттегі әуежай маңында болған жарылыстан 1 бала қаза тауып, 160 астам адам жараланды. Жүк сақтайтын қоймадағы жойқын жарылыстың дыбысы бүкіл қалаға естіліп, шырт ұйқыда жатқан жұрт шошып оянған. Әсіресе қоймаға жақын маңдағы үйлер мен ғимарат иелеріне дүмпуден зор зиян келген. 

Рауан Мыңбаев, тілші:
- Ташкенттің Сіргелі ауданындағы жарылыс түн жарымда болған. Алапат өрт жалпы аумағы 45 мың шаршы метр қойманың үштен бірін жалмаған. Шұғыл жеткен 16 өрт сөндіру бригадасы 2 сағаттан соң қызыл жалынды ауыздықтады. Кейін құтқарушылар аумақты оқшаулап, көкке тікұшақтарды көтерді. Қазірге дейін зардап шеккендердің саны 163 жетіп отыр. 30 жуығы ауруханаға жеткізілген. Өкінішке қарай 2006 жылы дүниеге келген бала көз жұмды. «Оның басына жарылыстан кейін ауыр бөлшек құлаған», - дейді куәгерлер.

Элбек Шүкіров, Сіргелі ауданының хәкімі: 
- Басқарушы компания қойманы кәсіпкерлерге жалға берген. Онда нақты қандай бұйымның сақталғанын кейін анықтаймыз. Нысан бірнеше жылдан бері қалыпты жұмыс істеп келді. Аумақта жылжымалы медициналық бригадалар әлі де жүр. Тұрғындарға ыстық тамақ жеткізіліп жатыр.

Қоймаға жақын орналасқан «құрылысшы» махалласының тұрғындары зор зиян шекті. Үйлері қирап, есік-терезелері жарамсыз болып қалған. Нысанда жүк сақтаған кәсіпкерлер де зор шығынға ұшырап отыр. Енді оларға үкімет тиісті көмек беруге тиіс. Жарылыстың неден болғаны әзірге белгісіз. Кей деректерде қоймада электромобиль бұйымдары сақталғаны айтылады. Өрт қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан тұтанған деген болжам бар. Енді бұл мәселелерге жауапты арнайы құрылған комиссия табады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев