Хабар телеарнасы

Атырау облысының екі ауданында Жайықтың деңгейі қауіпті межеден асты

Атырау облысындағы Индер және Махамбет аудандарында Жайық өзенінің деңгейі қауіпті межеден асты. Қазір Индер ауданына қарасты Жарсуат және Құрылыс ауылдарында бақылау күшейген. Онда 52 сарбаз, Төтенше жағдайлар департаментінің 21 қызметкері мен арнайы техникалар дайын тұр.

Индер ауданындағы аяғы ауыр 33 әйел қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Ал Махамбет ауданында 22 эвакуациялық бекет пен 30 тонна гуманитарлық көмек әзірленді.

Сондай-ақ елді мекендерді су басқан жағдайда 24 жолаушылар көлігі тұрғындарды көшіруге дайын. Көне Сарайшық қаласы мен археологиялық қазба орындарын су тасқынынан қорғау мақсатында бөгеттер тұрғызылған. Әзірге ахуал тұрақты. Аудандарда эвакуациялық пункттер толық жабдықталған.

Дания Сапарова, Сарайшық орта мектебінің директоры:
- Эвакуациялық пунктті 15 сәуірден бастап жасақтадық. Қазіргі уақытта шамамен төтенше жағдай болған жағдайда 250-300 адам қабылдаймыз деп отырмыз. Қазір біздің қорымызда су, артық тамақтар, бензиндік генераторлар бар.

Парасат Сақыпкереев, Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:
- Индер ауданында 15 дана эвакуациялық пункттер дайын тұр. Оларға орналастырылатын адамдар саны 1600-ге жуық орын қарастырылған. Қазіргі уақытта өздерінің арнайы жабдықтарымен қамтылған. Индер ауданы бойынша су тасқыны орын алған жағдайда халықты құлақтандыру жүйелері қазіргі уақытта жарамдылығы тексеріліп, барлық мектептерге орнатылған.