Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына Үндеу жолдады

Жаһандағы үлкен нарықтың үштігіне енетін ЕАЭО-ға бүгінде табысты және тартымды интеграциялық ұйымға айналып үлгерді. Бірақ пандемия кезіндегі экономикалық тұрақсыздық, қаржы нарығындағы құбылмалы жағдай одақты айналып өтпегені анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы ретінде одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына Үндеу жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында жазды. Қазіргідей әлем дүрбелеңге түскен сәтте Одақ елдері үшін экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру өткір мәселеге айналып отыр. Үндеуде осы қысылтаяң шақта басымдық берілуі тиіс мәселелер көтерілген.

Еркін тауар айналымы, еркін қызмет көрсету, еркін қаржы айналымы және еңбек нарығы мен құжат айналымындағы еркіндік. Одақ жұмысын жандандыратыны осы бесеуі. ҚР Президенті осы бес басымдықты нығайтатын бес ұсыныс айтты. Біріншісі, өндірістік кооперацияға жаңа серпін беру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірлескен кәсіпорындар құру және одаққа мүше елдердің өндірістері арасындағы байланысты нығайту арадағы сауда көлемін ұлғайтуға және өзара нарықтағы кедергілерді жоюға әсер етеді. Осы басымдықтардың негізінде ЕАЭО аясындағы өндірістік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына өзгеріс енгізу қажет. Бірлескен бұл шаралар Одақтың ортақ нарығында бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік тауарларды өндіруге жағдай туғызады. Барлық мүше елдің шикізаттық емес экспорт көлемінің айтарлықтай өсуіне әкеледі.

Бестік одақ жаһандағы үлкен нарықтың үштігіне енеді. 180 млн-нан астам тұтынушысы бар. Әлемдік экономиканың даму қарқыны бәсеңдеген тұста бестіктің алыс-берісін азайтпау маңызды болып тұр. Президент мұны еселей түсу керек дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еуразиялық экономикалық комиссияның алдында тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына кедергі келтіретін барлық шектеулерді алып тастау міндеті тұр. Қалалық, аймақтық, өңірлік деңгейде жүргізілген талдау жұмыстары  нақты қандай кедергілер бар екенін анықтауы тиіс. Одақтың құқықтық нормаларын қатаң сақтай отырып, импортты алмастырудың ұлттық бағдарламалары, нарықты өз өнімдерімізбен толтыру шаралары жүзеге асырылуы керек.

Президент Үндеуіндегі үшінші мәселе – трансшекаралық, логистикалық тораптардың әлеуетін толық пайдалану. Осы салада тиімді ынтымақтастық орнатсақ, бүкіл Еуразия континентіндегі елдермен сауда-экономикалық байланысымыз кеңейеді. Еуразиялық транзиттік маршрут бүкіл Еуропа мен Азиядағы халықаралық сауда үшін бәсекеге қабілетті болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» бекетінің әлеуетін, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында құрылатын «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға одақтың барлық мүшесін шақырамыз.

Ортақ нарықты цифрлық жүйеге түбегейлі көшіру – заман талабы. Одақ елдері бұл межені де бағындыруы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кедендік реттеу, салықтық әкімшілендіру, ветеринарлық қадағалау және тауарлар мен қызметтердің қозғалыс еркіндігіне тікелей әсер ететін басқа да салаларда заманауи ақпараттық технологияларды қолдануды кеңейту керек. Бұл бізге электрондық деректер алмасу шеңберіндегі жұмыстарды жақсартуға мүмкіндік береді.

Одақ қазанында қатар қайнап жүрген бес ел үшін қашан да күн тәртібінен түспейтін мәселе бар. Ол – сырт елдермен еркін сауда аймағын құру. Президент Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығымен және әлемдік сауданың үштен бір бөлігін құрайтын кешенді аймақтық экономикалық серіктестікпен диалог орнатуды ұсынды.