Хабар телеарнасы

ОСК екі партияның тізімін бекітті

Орталық сайлау комиссиясы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Мәжіліс сайлауына ұсынған кандидаттарының тізімін тіркеді. Барлық 19 адам заң талабына сай деп танылған. Алтауы – әйел, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Осылайша белгіленген 30% квота сақталды. Сондай-ақ «Ақ жол» партиясының Мәжіліс сайлауына ұсынған партиялық тізімі тіркелді. Саяси ұйым 54 адам ұсынған. Оның 18-і әйел, жастар және мүгедектігі бар тұлғалар.

Жергілікті маслихат сайлауына қатысатын азаматтар да тіркеліп жатыр. Астанадағы аумақтық сайлау комиссиясы «Ақ жол» партиясынан қатысатын 13 адамға кандидат куәліктерін тапсырды. Сондай-ақ тағы 4 партияның атынан үміткерлікке ұсынылғандардың заң талаптарына сәйкестігі анықталды. Бұл жолы «AMANAT»-тан - 33, «Ауылдан» - 7 азамат ұсынылған. Ал «Байтақтан» - 10, Respublica партиясынан 16 адам алдағы сайлауда бақ сынамақ.