Хабар телеарнасы

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы 15 наурыз күні Атырау қаласында өтеді. Бұл туралы Ақорданың телеграм каналында хабарланды. Иә, Атырау облысы Ұлттық Құрылтай өткізуге дайындалып жатыр. 2023 жылы Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайды қорытындылай келе «Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелерді талқыладық. Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын»,— деген еді. Ұлы Жібек жолы бойындағы шаһарда дайындық қалай жүріп жатыр? 

Ұлы Жібек жолымен сапарлаған талай саяхатшы Сарайшықтың сәулеті мен мәдениеті туралы тамсана жазып кеткен. Зәулім сарайлар, мұнаралы мешіттер мен монша, ақша сарайы заманында Сарайшықтың батыс ұлыстағы сауда-экономикалық Орталық болғанын айғақтайды. «Көне қала орнынан табылған мына қыш құбырлардың сынығы өңірдегі озық мәдениеттің үлгісі»,— дейді ғалымдар.

Жүніс Байғалиев, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері:
-Осы күйінде табылды. Саз балшықтан күйдіріліп жасалған. Ауыз бөлігі бір жағы кең түрде болады екінші жағына кіші аузында бір бөлігі бар, осыған келесі құбыр кигізіліп, ұзыннан ұзын осындай су құбырларын құрастыратын болған. Сол арқылы ғимараттарға, сарайларға су алып келген.

Сарайшық қаласынының Сапар Орталығында 6 көрме залы бар. Туристер Қазақ хандығы, Алтын Орда және Ноғай Ордасы мен орта ғасырлық Сарайшық қаласының тарихына қатысты тың деректермен таныса алады.

Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:
-Сарайшық — сол заманда атын әлемге әйгілеген қала. Ортағасырлық тарихи деректердің барлығы Сарайшықтың тоғыз жолдың торабында орналасқан Азия мен еуропаны байланыстырған алтын көпір екендігін дәлелдейді. Мәселен 14 ғасырдың алғашқы ширегіндегі итальяндық шенеуніктер жазған «сауда тәжірибесі» кітаптарында ХажыТарханнан-Сарайшыққа-Сарайшықтан Үргенішке, әрі қарай Қытайға баратын жолды нақты көрсетеді.

Бүгінде көне қаланың орнын қалпына келтіру жұмыстары басталды. 12 тұрғын үйдің орны аршылып, іргетасынан жаңа ғимараттар салына бастады. Келешекте осы аумақтан «ашық аспан астындағы музей» жасақталмақ. Сонымен қатар ортағасырлық Сарайшықтың батыс қақпасының орны анықталып, қалпына келтіріліп жатыр. Ертеңгі Ұлттық құрылтайға қатысушылар Хан ордалы Сарайшықтың осынау тылсым тарихымен таныса алады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов.