Хабар телеарнасы

Дэвид Кэмерон Қазақстанға ресми сапармен келді

Астанаға Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сырты істер, Достастық және халықаралық даму министрі ресми сапармен келді.

Дэвид Кэмерон еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық жайын сөз етті. Өзекті өңірлік және халықаралық мәселелерді де талқылады. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылмақ.

Айта кетейік, бұған қатысты құжат жинақтау жұмыстарының өзі 6 жылға созылған. Екі ел арасындағы әріптестіктің ұтымды бағыттарының бірі – аса маңызды пайдалы қазбаларды бірлесіп өндіру, өңдеу және инновациялық өндіріс ошақтарын құру. Сапар аясында білім саласына қатысты бірнеше құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.