Хабар телеарнасы

«Topjarǵan» музыкалық шоуы көрерменге жол тартты

Былтыр талай таланттың жұлдызын жаққан музыкалық байқау кезекті кезеңін бастайды. Іріктеуден сүрінбей өтіп, ақтық сынға жолдама алғандардың бәсекесін 4 қазаннан бастап «Хабар» арнасынан көріңіздер!

Ерекше дауыс пен дарын иесі. Бұл – «Topjarǵan» тобын жаратын таланттан талап етілетін қасиеттер. Көрерменнің ықыласына бөленген музыкалық байқаудың ІІ маусымына іріктеу Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өтті. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушылар финалға өту үшін үздік төрттікке енуі тиіс.

Мәди Сыздықов, жобаға қатысушы:

- Әділқазылар алдына барып, өз өнерімді көрсеттім. Бір өлең айттым. Маған бір айдан кейін «Осы жобаға өттіңіз» деп өздері хабарласты. Әрине, қуандым. Дайындығым өте күшті. Мен өз-өзіме сенімдімін. Өйткені осы жобаға бір жыл бойы дайындалдым. Енді алдағы уақытта өз өнерімді көрсетем деген үміттемін.

II маусым талантты өнерпаздарға толы. Музыкалық конкурстың ауқымы да кеңейген. Байқауда бағын сынаушылардың арасында бергісі Қырғызстан, арғысы Италиядан келгендер бар. Жобаның тағы бір ерекшелігі: үздікті кәсіби қазылармен қатар көрермендер де таңдайды. Ал жеңімпаз ән жазып, оған клип түсіруге мүмкіндік алады.

Данагүл Әлғожина, жоба менеджері:

- Біздің басқа музыкалық жобалардан ерекшелігіміз: бірінші бағдарламадан бастап 4 үздік финалист болады. Біз оларды кастинг уақытында анықтап аламыз. Оларға қойылатын басты талап: халықаралық дәрежедегі байқаулардың жеңімпаздары болу керек. Біздің кастингке мыңдаған адам қатысты.

Жоба бұған дейін АҚШ, Ресей және өзге де мемлекетте эфирге шыққан. Халықаралық музыкалық байқау басталады. Ал шешуші финалдық сын жаңа жыл қарсаңында өтеді деп жоспарлануда. «Хабар» арнасы көрермендерінің назарына ұсынылатын телешоу қызыққа толы болмақ.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Меруерт Жаһан, Серік Қоңырбаев