Хабар телеарнасы

11 өңірде науқастар өздеріне тиесілі дәрі-дәрмекті алмаған

Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты 20-дан астам қылмыстық іс қозғалды. 2016-2017 жылдары еліміздің 11 өңірінде науқастар өздеріне тиесілі дәрі-дәрмекті алмаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова хабарлады. Оның айтуынша, 4,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі пайдаланылмай қалған. Ал дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай ақпараттық жүйесінде аталған дәрілер берілгендігі көрсетілген. Мұны министрлік тарапынан құрылған мониторинг тобы анықтаған. Барлық мәлімет Бас прокуратураға берілді. Тексерулер әлі жалғасып жатыр. Сала өкілдерінің айтуынша, биыл тегін дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етуде мәселе туындамаған.

Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- 2018 жылда дәрі-дәрмекті уақытында жеткізу болмады. Бірақ осы 2019 жылдың басынан бастап толық көлемде қамтамасыз етіп жатырмыз. 3 айдың ішінде бүкіл өңірге 33,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмекті жеткіздік.