Хабар телеарнасы

Елбасы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне қатысты

Сондай-ақ: «Террористік және экстремистік ұйымдардың, халықаралық қылмыстық топтардың тізімін жасау қажет», – деді.

Бұл жиын төртінші рет өткізіліп отыр. Әуелгісі Ресейде болды, одан кейін Түркия мен Оңтүстік Кореяда жалғасты. Енді міне қазақтың кіндік қаласында ұйымдастырылды. Парламент спикерлері бас қосқан әр кеңеске ортақ бір тақырып бар, ол – Еуразия аймағының мүддесі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Осы кеңестің табысты жұмыс істеуіне баршамыз мүдделіміз. Келгендеріңізге ризашылығымызды білдіреміз. Біз заң шығару органының қызметіне зор мән береміз. Қазақстан депутаттары шетелдік әріптестерменен кең қауымды байланыс орнатып, мемлекетаралық достықты нығайта түсті.

Еуропа мен Азия мемлекеттері парламенттерінің жетекшілері бұл жолы да өзара ынтымақтың көкжиегін кеңейту мәселесін талқыға салды. Нұр-Сұлтандағы кездесуге «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деп айдар тағылуы бекер емес.

2015 жылы БҰҰ мінберінен Елбасы «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» идеясының төңірегіне топтасатын уақыттың келгенін айтқан болатын. ЕАЭО, Жібек жолы экономикалық белдеуі және Еуропалық Одақ жоба аясында тізе қосып, бірге жұмыс істеуге шақырды.

Ал «Үлкен Еуразия» ұғымының өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан «Еуразиялық ықпалдастық» идеясымен үндес.

Еуразиялық ықпалдастық идеясы экономикалық одақтың құрылуына негіз болды. Бес елді біріктіріп, бес жылдық межеге аяқ басқан алып ұйымның бір ғана сыртқы сауда айналымы 753 млрд доллардан асады. Ал мүше елдердің ішкі жалпы өнімін есепке алсақ, 2 трлн доллларға иек артады. Осыдан-ақ бірлестіктің әуселесін байқауға болады.

Вячеслав Володин, РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы:

- Барлық идея іске аса бермейді. Алайда ЕАЭО құру идеясы орындалды. Қазіргі кезде бірнеше мемлекет осы бірлестік төңірегіне топтасып жатыр. Осыдан 25 жыл бұрын еуразиялық интеграция бастамасын көтергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын.

Мұстафа Шентоп, Түркия Республикасының Ұлы ұлттық жиналысының спикері:

- Парламенттік дипломатияның сыртқы саясаттағы рөлі маңызды. Еуразия құрлығының өкілі болғандықтан, ортақ мәселелерді шешу үшін біз белсенді болуымыз керек. Қазіргі кезде ауыртпалық Еуропадан Азияға ауысып жатқан тұста жаңа жобаларды жүзеге асыруымыз қажет.

Сенімге селкеу түсірмей, дәйекті диалог орнатып, серіктестіктің аясын кеңейтудің жолы қайсы?! Бұл тұста Еуропа мен Азияның заң шығарушы органдары арасындағы байланыстың маңызы зор. Саяси әрі экономикалық мәселелер төңірегінде Парламенттердің өзара ынтымағы көп түйткілдің түйінін тарқатуға сеп бола алады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Мы все наблюдаем кризис системы международного права, в том числе, зачастую его эрозию, игнорирование, размывание или просто попрание. Хорошо известны случаи, когда нарушался суверенитет, территориальная целостность государств, рушились ранее достигнутые договоренности. Произвольное применение санкций негативно влияет не только на страны, против которых они направлены, но и на все другие государства, на благополучие миллионов простых людей по всему миру.

Геосаяси бәсекелестік бәсеңдемей тұрғаны анық. Ал оның пайдасы жоқ, тиісінше залалы көп. Оның үстіне үлкен қақтығыстарға себепкер болуы ықтимал кикілжіңдердің қарасы көбейді. Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық Одақ. Осы төрт тарапты Нұрсұлтан Назарбаев ортақ диалогқа шақырады. Осы төрт тараптың өзара түсінісуі түйінді тарқатады.

Аймақтық тұтастыққа ауыз салу, уәделерден айну. Бұл тұста халықаралық құқық жүйесінің дағдарысы анық байқалады. «Бір ғана санкция қолдану сол мемлекетке ғана залалын тигізіп қоймайды, бірнеше елге миллиондаған тұрғынның тұрмысына кері әсер етеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан халықаралық құқық ұстанымдарын қайта нақтылау қажет. Нақтылау үшін БҰҰ деңгейінде конференция өткізу керек. Елбасының 2015 жылы айтқан ұсынысы күннен күнге маңызды болып келеді. Тағы бір маңызды мәселе – лаңкестік.

Экономикалық өрлеу және әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері берік осы ұстанымнан айныған жоқ. Елбасы ел жетістіктеріне жеке тоқталды. «Ішкі жалпы өнім 18 есеге, халықтың табысы 9 есеге өсті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Көпвекторлы әрі бейбіт саясаттың арқасында егемендік нығайды. Барымызды еселеп, жоғымызды түгендедік.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- В качестве своего главного приоритета мы определили экономический прогресс и повышение благосостояния населения страны. Построив «с нуля» рыночную экономику, сегодня Казахстан вошел в число 50 наиболее развитых государств мира. ВВП Казахстана вырос в 18 раз. Объем экономики страны почти в 2 раза превышает уровень ВВП стран Центральной Азии вместе взятых. Доходы населения в долларовом выражении увеличились в 9 раз, уровень бедности сокращен в 10 раз, с 40 до 4,6%.

Сонымен жиынға 65 елден делегация қатысты, оның 41-ін спикерлердің өзі бастап келді. Бұған 14 халықаралық ұйымның жетекшілерін қосыңыз.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған еуразиялық интеграция идеясы көптеген жобада өз жалғасын тапты. Ал бұл форумға келетін болсақ, бүкіл Еуропа мен Азия елдері парламенттері спикерлері бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Еуразия кеңістігінде парламентаралық диалог құрып, Еуропа мен Азияның өзара ынтымақтастығын нығайту – мақсат. Елордада өткен жиын сол мақсатқа бір табан жақындатты.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков