Хабар телеарнасы

Президенттің жастар кадрлық резервіне үміткерлер анықталды

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова айтты. Арнайы іріктеуден өткен үміткерлер енді эксперттік комиссия өкілдерімен тілдеседі. Мамандар олардың қарым-қабілетін, сөйлеу мәнері мен мәдениетін, білімдерін тексермек. Әңгімелесу барысын қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қадағалай алады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етпек. Эксперттік комиссия мүшелері әңгімелесу нәтижесін жыл соңына дейін жариялайды. Сол кезде Президенттің кадрлық резервіне кімдердің енгені нақты белгілі болады.

Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Әңгімелесу нәтижесінде 330 үміткерді анықтау көзделіп отыр. Кейін олардың кандидатурасын Ұлттық комиссия мүшелері қарастырады. Соның негізінде Президенттің кадрлық резерві жасақталмақ. Таңдалып алынған 300 маманды кейін түрлі салаға жұмылдырып, жоғары лауазымдарға ұсынамыз. Қажет болған жағдайда үміткерлер мемлекеттік басқару академиясының базасында немесе әлемдік оқу орталықтарында біліктіліктерін шыңдайды. Сөйтіп іске кіріседі.