Хабар телеарнасы

Тұңғыш Президент күніне орай ШҚО-да 70 отбасы баспаналы болды

Тұңғыш Президент күніне орай Өскемен мен Семейде 70 отбасы баспаналы болады. Олардың барлығы да көпбалалы отбасы мен жетімдер үйінің түлегі екен. Осылайша аймақтағы атқарушы билік әлеуеті әлжуаз топтардың баспана базынасын алдағы бірнеше жылда толық шешуді ойластырып отыр.

100 пәтерлі бұл үйлер Өскемендегі ең әдемі шағын аудандардың бірінде салынған. Баспанада бәрі дайын. Балалар үйінде тәрбиеленіп, отбасын құрған жастар үшін бұл – үлкен сыйлық.

Денис Богомолов, жаңа қоныс иесі:

- Біз Серебрянскідегі балалар үйінде тәрбиелендік. ЖОО бітірдік. Қазір жұмыс істеп жүрміз. Енді міне, мемлекет баспана берді.

Тұңғыш Президент мерекесі кезінде семейлік 50 отбасы да баспаналы болды. Олардың бәрі де ұзақ жылдар үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен жетімдер үйінің түлектері. Пәтерлер қалада жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Қарағайлы» шағын ауданынан берілді. Басыбайлы баспаналы болғандардың бірі – Жекеевтер отбасы. 6 балалы шаңырақ бүгінге дейін саяжайлар алқабындағы жазғы үйде тұрып келген. Енді міне, 3 бөлмелі жаңа пәтерлі болып қуанып жатыр.

Жадыра Әлібаева, көпбалалы ана:

- Ең жақсысы, мектеп, балабақша жанымызда, спорт кешені де бар. Соған қуаныштымыз.

Болашақ бүгіннен басталады. Сондықтан облыста әлеуметтік саланы әлдендіруге бағытталған бағдарламалар әлі де жалғасады.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Осы жылдар аралығында облыста 598 көпбалалы отбасы мен жетімдер үйінің түлектері пәтерлі болды. Бұл жұмысты біз жыл сайын жалғастыратын боламыз. Ең негізгісі, Тұңғыш Президенттің бізге жүктеген міндетін орындауымыз керек.

Атқарушы билік баспана мәселесі арқылы аймақта кадр тапшылығын да реттемек. Өндірісті өңірде жыл сайын аз дегенде 150 жас маман қажет. Сол үшін Өскемендегі технологиялық колледжде мамандарды цифрлық жүйе бойынша дайындайтын кабинеттер де ашылды.

Авторлары: Олжас Керейхан, Болат Көкенайұлы