Хабар телеарнасы

Атырауда электр энергиясы қалпына келтірілді

Осылайша мұнайлы өңірді әбігерге салған 3 күндік сергелдең шешімін тапты. Естеріңізге сала кетейік, 1 желтоқсан күні Атырау жылу қуат орталығындағы бір турбина істен шығып, Жайық өзенінің сол жақ жағалауы жарықсыз қалған еді. Қазір мұнайлы өңірде осы оқиғаға қатысты облыстық және салалық комиссия құрылып, жағдайды зерделеуге кірісті.

Жылу қуат орталығында апатты жағдай салдарынан электр қуаты 270 мегаваттан 140 мегаватқа төмендеді. Ол жағдай өз кезегінде Атырау қаласы мен аудандарда электр қуатына мұқтаждық туғызды. Барлық электр жүйесі апаттық жүйеге көшіріліп, жарық аудандарға сағаттап беріле бастады

Айбар Рахманов, «Атыраужылуқуат» АҚ президенті:

- Электр стансасында кенеттен технологиялық ауытқушылық орын алды. Салдарынан өндірілетін қуат күрт кеміп кетті.

Осы кезде резервтегі Маңғыстау атом электр комбинатынан қосымша қуат алынған еді. Алайда, кеше, яғни, 2-желтоқсан күні ол комбинатта да апатты жағдай орын алып, Атырау тағы да жарықсыз қалды. Қазір жағдай қалыпты.

Константин Чернохаев, «Кегок» АҚ батыс өңірлік филиалының директоры:

- МАЭК ТЭЦ-2 бу қазаны істен шығып 55 МВт қуат жоғалттық. Салдарынан тұтынушыға жіберлітен электр қуаты төмендеді және ол жағдай күні бүгінге дейін сақталып тұрды. Қазір ғана Ақтаудағы диспетчермен тілдестім. Комбинат қалыпты жұмыс ырғағына түсті. Атырау облысына қойылған уақытша шектеу алынды.

3 күнге созылған сергелдең тек энергетиктерді ғана емес, жергілікті атқарушы билікке де қатты ой салғандай. Қазір әкімдік қосымша қуат көздерін қарастыруда. «Бұған дейін жүзеге асырылып жатқан жылу қуат орталығын жарықтандыру бағдарламасына қосымша мұнай өндіруші компаниялармен келісім жасалады», – дейді билік басындағылар.

Мұрат Иғалиев, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Қарабатан бойынша да 310 мегаваттық газотрубиналық станса бар. Оның да құжаттары дайын болғанан кейін Атырау облысына көмегі тиеді. Сосын инвест бағдарламамен салынып жатқан Атырау жылу орталығындағы 2 турбина жетіспеушілікті азайтуға көмегі тиеді.

Дегенмен бұл да мардымсыз. Атырау облысы сағатына 370 мегаватт элктр қуатын тұтынады. Ал Орталықтың қуаты 270 мегаватт шамасында. Қалған жетпестік Маңғыстау облысы мен Ресейден алып келді. Демек, мұнайлы өңірдің электр энергиясына деген мұқтаждығын толық қанағаттандыру үшін кешенді бағдарлама керек. Қазір облыста аталған оқиғаға қатысты екі комиссия жұмыс істеп жатыр. Мүмкін сол комиссия шешімімен нақты шара алынар. Әйтпесе жыл сайын қыс түсе осындай келеңсіздік жүйелі түрде қайталанып келеді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай мәтенов