Хабар телеарнасы

Қазақ телевизиясының ардагері Хамза Әубәкірұлының туғанына 100 жыл

Көп тележобаға жетекшілік етті. Ұлы Отан соғысының ардагері, Берлинді алуға қатысып, Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырған.

Хамза Әубәкірұлы. Бұл – ұлы есім, қазақ телевизиясының тереңге тартқан тамырымен тікелей байланысты. Ардагер, іргесі өткен ғасырдың жартысында қаланған Алматы студиясын бірінші болып басқарды. Көгілдір экран кеңістігінен көкөрім ұрпаққа тіл қататын телебағдарламаларға жетекішілік етті. «Қашан қазақ тілінде қалың көпшілікке жол тартатын фильмдерді көреміз?», – деп теледидарға қайта-қайта қарайлаған қарадомалақтардың арманын орындады. Елеулі еңбегі ел арасында жоғары қошеметке ие болған ұлы тұлға.

Зайролла Дүйсенбекұлы, Хамза Әбілғазиннің жиен інісі, ҚР ҰҒА академигі:

- Есіме бір оқиға түсті, телевизияда жұмыс істеп бастаға кезінде, теледидардың біреуін үйге әкеліп орнатты. Өйткені «анау тілші сөйлейді, мына бағдарлама болады» деп түгел қарап отыратын. Көріп отыратын да, телефонмен хабарласып, жөндеп отыратын. Міне, осының бәрін өз көзіммен көрдім.

Хамза Әубәкірұлы 1919 жылы Баянауылда өмірге келді. Жастайынан зерек болды. Ұшқыр ойлы азамат білімін журналистика факультетінде ұштаған. Көп ұзамай әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы майданға аттанды. Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен көзге түскен қазақ сарбазы, жеңіс жолын Берлинді алу операциясымен аяқтайды. Рейхстаг қабырғасында «Баян – Берлин. Хамза» деп жазып, туған жерінің атауы мен өз есімін тарихта қалдырады.

Ғайни Әбілғазина, қызы:

- Әкем өте ақылды әрі ақкөңіл болатын. Үлкен-кішіден қашан да көмегін аямайтын. Үйден қонақ арылған емес. Әкем күндіз жұмыста болса, түнімен фильмдерді қазақ тілінен, орыс тілінен аударумен айналысатын. Ешқашан бір жерде отырмайтын. Қолы қалт еткенде, спортпен айналысатын.

5 желтоқсан – Хамза Әбілғазиннің 100 жасқа толған туған күні. Ол бар болғаны 61 жасында дүниеден өтті. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, КСРО Журналистер одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ленинград қаласының құрметті азаматы атанды. Өмірі қысқа болса да, өнегесі өміршең.

Авторы: Бірлік Берікұлы