Хабар телеарнасы

Алматы облысында 328 қызмет көрсету орталығының 178-і талапқа сай емес

Мәселен, Алматы облысында 328 сервистік қызмет көрсету орталығы болғанымен, оның тек 150-і ғана ұлттық стандартқа сай келеді. Қалғанында көлік тұрағы жоқ, өзге де шарттар орындалмаған. Яғни мемлекет бекіткен талап үдесінен шықпайды. Жолаушыларға қызмет көрсететін нысандар қашан ретке келтіріледі?

Алматы – Талдықорған тасжолымен тәулігіне 20 мыңға жуық көлік жүреді. Ондағы жолаушыларға 30 сервистік орталық қызмет көрсетіп отыр. Соның басым бөлігі ұлттық стандартқа сай келеді екен.

Ренат Мырзагелдиев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ АОФ бас маманы:

- 2017 жылдан бастап 30 жол бойындағы сервис ұлттық стандартқа сай келген. 2017 жылдан бастап жергілікті атқару органдарымен, облыстық мәслихат депутаттары және ТЖД, Экология департаментімен бірігіп, мердігер «Қазавтожол» мекемесімен ай сайын рейдтер ұйымдастырып тұрамыз. Соның нәтижесінде 2019 жылы 25 бірлікке дейін жетті. Яғни ұлттық стандартқа 80% сай.

Сервистік қызмет көрсететін орталыққа көлік жөндейтін тұрақтар мен қоғамдық дәретханалар да жатады. Күре жолдың бойында олардың 42-сі тұр. Жолаушылар сол қажеттілік орындарының күтіміне көңілі толмайтынын айтады.

Нұрсахан Мұхиса, жолаушы:

-Таза емес десек те болады. Өйткені басатын таза жер жоқ. Енді осыны кішкене таза ұстайтын адам болса, жақсы болар еді.

Бұл дәретханалар алдағы уақытта алынып тасталмақ. Оның орнына әрбір 50 шақырым сайын санитарлы гигиеналық нысандар тұрғызылады. Соның алғашқысы былтыр Арқарлы асуына қойылған болатын.

Аманғазы Сейсенбаев, мердігер мекеме өкілі:

- Модульді абаттандырылған дәретхана 24 сағат бойы жұмыс істейді. Мұның ішінде жылы және мүгедектерге арналған дәретхана бар. Арбамен кедергісіз кіріп шығуға болады. Екінші жағында шай ішіп, жылынып алуға мүмкіндік бар.

Жол бойындағы сервистік қызмет көрсету орталықтары 4 санат бойынша тексеріледі. Барлығында көлік тұрағы, дүкен, демалыс орны болуы керек. Осының біреуі жоқ болса, нысан талапқа сай емес деп есептеледі.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Алматы облысында 178 сервистік қызмет көрсету орталығы талапқа сай келмейді. Сала мамандары алдағы екі жылда олардың барлығын ұлттық стандартқа сәйкестендірмек. Ал жаңадан салынатын нысандарды өңірде құрылған жұмыс тобы бақылайтын болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов